Спорт

Грек-рим күресінен турнир

 

 

КСРО спорт шебері Уалихан Нұркеевті еске алуға арналған жарыс Петропавлда осымен қатарынан екінші жыл ұйымдастырылып келеді. Өз араларындағы ең мықтыны анықтау үшін 15 команда бақ сынады.

 Мейрам Хамзин, жарыстың бас төрешісі:
– Сайыс енді жыл сайын өткізіледі деген үміттміз. Оған барлығы 180-ге жуық спортшы қатысуда.

Турнирді СҚО туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Руслан Есеналин ашты.

Руслан Есеналин, СҚО туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы:
-Салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау мемлекеттің басты бағыттарының бірі болып табылады. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы жолдауында дене шынықтыруды дамытуға ерекше назар аударады.

Ұйымдастырушылар мұндай бәсекелер жас спортшыларды шынықтырып, өздеріне сенімді болуға тәрбиелейді дейді. Станислав Яроштың грек-рим күресімен кәсіби тұрғыда айналысқанына 4 жыл болды. Осы уақыт ішінде ол өзін жақсы қырынан көрсетіп те үлгерген. Нағыз күрес шебері қандай болу керектігін Станислав бүгін де танытты. Осылайша спортшы қарсыласының жамбасын жер искетіп, финалға жолдама алды.

Станислав Ярош, спортқа дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернат тәрбиеленушісі:
– Маған біріншіден өзіме деген сенім көмектесті. Қарсыласым осал емес. Кімнің жеңері ертең белгілі болады.

Жарысқа қатысушылардың бәрі жақсы нәтиже көрсетуге үмітті. Ақтаулық спортшылар жеңісті қолдан оңай бермейміз дейді. Себебі олардың жаттықтырушысы Александр Цыганов шәкірттерінің турнирге ұзақ дайындалғанын айтады.

Александр Цыганов, Ақтау командасының жаттықтырушысы:
– Командада 7 спортшы бар, олардың екеуі финалға шықты және біреуі үшінші орын үшін бақ сынайды. Балалар бір-бірімен танысып, тәжірибе алмасып, шеберліктерін арттыруда.

Жарыс жеңімпаздарын 10 салмақ дәрежесі бойынша анықтады.

Әспет Әбдірешова