Білім

Жас сарбаздар мектебі

 

 

 

Әскери-техникалық мектеп қарулы күштер қатарына қажетті көлік жүргізушілерін даярлайды. Оқу тегін, курсанттар жылына екі рет қабылданады. 4 жарым ай әскери тәртіпке машықтанатын жеткіншектер оқу ордасын бітіргеннен кейін «В», «С» санатындағы жүргізуші куәлігіне ие болып шықпақ.

 Рафаэль Фазылов, ҚР ҚМ «Әскери-техникалық мектебі» РМҚК Петропавл филиалының директоры:
– Бізге Қорғаныс істері жөніндегі департамент тапсырыс береді. Осы жерде оқып шыққан жастарға деген сұраныс көп. Өйткені оларға әскерде көлікті сеніп тапсыруға болады.

Қарашаның бірінен бері 30 адамнан тұратын топ оқуға кірісіп кетті. Өмірін әскермен байланыстырғысы келетіндердің бірі – Темірлан Әбіл. Мұнда оқу алдағы әскери өмірге тез үйренуге септігін тигізеді дейді жеткіншек.

 Темірлан Әбіл, ҚР ҚМ «Әскери-техникалық мектебі» РМҚК Петропавл филиалының курсанты:
– Өзімнің ауданымда осында әскери мектеп бар деп айтты. Мында оқыған өзіме ұнайды. Өйткені мұнда әскерге дайындайды. Әскери тәрбие береді.

Бұдан бөлек, оқу ордасын бітіргендер көлік механигі, жанар-жағармай айдаушы болып жұмыс істей алады. Ол үшін арнайы техникалық жаттығулар өткізетін оқу сыныптары бар. Бастысы, мұнда әскери өмірге жақсы дайындық жүргізіледі дейді мамандар.

 Юрий Глумов, ҚР ҚМ «Әскери-техникалық мектебі» РМҚК Петропавл филиалының оқытушысы:
– Жүргізушіліктен бөлек, қарулы күштер қатарына қажетті әскери жарлықтарды оқытамыз. Қарумен атудан жарыс, гір көтеру, жеңіл атлетикадан сайыстар өткізіп, жеткіншектерді физикалық және моральдық тұрғыда әскери өмірге дайындап шығарамыз.

Бүгінде 2-ші топқа курсанттарды қабылдау жүргізілуде. Қарашаның 10-на дейін 18 жасқа толған кез-келген тілек білдіруші әскери-техникалық мектепке құжаттарын тапсыра алады. Ал оған іріктеуді СҚО Қорғаныс істері жөніндегі департамент жүргізеді.

Әспет Әбдірешова