Құқық қорғау органдары

Есірткіге қатысты қылмыстар азайды

 

 

 

Семинарға жиылған судьялар есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты қылмыстық істерді қарау мәселесін талқылап отыр. 9 айдың қорытындысы бойынша өңірімізде мұндай заңбұзушылықтардың азайғаны байқалған. Яғни биыл бұл көрсеткіш 29,7 пайызға төмендепті. Ал тәркіленген есірткі заттарының көлемі 31,6 пайызға кеміген.
Жиында жедел іздестіру шараларын және тергеу амалдарын жүргізу жұмыстарының сапасы жайлы да сөз қозғалды. Сараптама көрсеткендей, мұндай үрдістерде біраз олқылықтар анықталыпты.

Динара Найманова, СҚО қылмыстық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалау және мемлекеттің мүдделерін білдіру басқармасының бастығы:
Жедел іздестіру шаралары мен тергеу амалдары жүргізілген уақытта азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылу фактілері кездеседі. Негізінен мұндай келеңсіздіктер сапасыз жүргізілген жедел-іздестіру шараларына байланысты азаматты заңсыз айыптау салдарынан туындап жатады.  

Семинар отырысында есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстық істі сотта қарау тәжірибесі де талқыға алынды. Ағымдағы жылдың 9 айында 49 тұлғаға қатысты 39 іс бойынша үкім шығарылып, 41 азамат бас бостандығынан айырылған.

Михаил Гусев, Петропавл қалалық сотының судьясы:
Есірткі затымен ұсталғандарға бірден оны сатты деген айып тағылады. Мұндай заңбұзушылықпен қолға түскендердің көпшілігі нашақорлар. Соттың үкімімен бұл азаматтар ауыр қылмыс үшін бас бостандығынан айырылады. Өйткені бұл бапта жазаның баламалы түрлері қарастырылмаған.

Сондай-ақ жиын барысында осы мәселе бойынша бірқатар ұсыныстар жасалды.

 Айдана Демесінова