Денсаулық сақтау

Репродуктивтік медицина институтының мамандары петропавлдық әріптестерімен тәжірибе бөлісті

 

 

Балалы үй – базар. Алайда сәбилі болу бақыты бұйырмаған жандар да бар. Мұндай жұптар экстракорпоралды ұрықтандыру орталықтарының көмегіне жүгінуде. Елімізде 17 жылдан бері қолдан ұрықтандыру әдісі игеріле бастапты. Соның арқасында 5 мыңнан астам сәби дүниеге келген. Қыркүйек айында мұндай орталық Петропавлда да ашылған болатын. Жергілікті мамандармен тәжірибе бөлісуге репродуктивтік медицина институтының дәрігері Анар Малағаждарова келіп отыр. Өйткені қолдан ұрықтандыру әдісі кезінде қатаң тәртіпті сақтау шарт. Жұмыс кезең-кезеңге бөлінген.

Анар Малағаждарова, репродуктивтік медицина институтының дәрігері, Алматы қаласы:
1-ші кезеңде аналық бездің ішінен аналық жасушаны алу үшін арнайы дәрі-дәрмектер беріледі. 2-ші кезең сол аналық жасушаны алу. 3 этап – ұрықтанған ұрықты жатырдың ішіне салып беру. Осы әдіске 2-2,5 апта кетеді. Әдістің көрсеткіштері өте жоғары.

Аталмыш әдісті қолдану үшін жұбайлардың денсаулығы 1 ай көлімінде зерттеледі. Қазіргі таңда 6 әйелдің жасушалары ұрықтандырылып, жатырға салынған. Нәтиже бірер аптадан соң белгілі болмақ. Бұл ақылы емшара. Дегенмен 3 жыл бойы кейбір азаматтар үшін мемлекет тарапынан квота бөлінуде. Жеңілдіктерге әр аймақтың тұрғындары ие бола алады.

Анар Малағаждарова, репродуктивтік медицина институтының дәрігері:
Бедеулік пен белсіздік деген аурулар қазіргі таңда жиіреп кетті. Біріншіден, олардың себептерін білу керек. Әрбір науқасқа осы әдісті пайдалануға болмайды. Оны дәрігер байқап, шешеді.

Экстракорпоралды ұрықтандыру әдісіне жүгінген жанұяларда егіз немесе 3 баланың дүниеге келуі сирек емес. Заң бойынша 3 эмбрионнан артық салуға тыйым салынған. Дені сау 1 баланың тууына басты назар аударылуда.

Инеш Шоқақова