МТРА жаңалықтары

“Достықтың жол картасы”

Өңірге келген Ақмола облысының делегациясын солтүстікқазақстандықтар ұлттық дәстүрге сай үкілі домбыраның әсем сазымен қарсы алды. Қадірменді меймандар наннан ауыз тиіп, шашу шашылды. Кейін қос аймақтың ассамблея мүшелері Н. Погодин атындағы орыс драма театрында бас қосты. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Еңсесі биік, босағасы берік елдің ең басты қазынасы – бірлігі жарасқан берекелі халық. Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақ жерін мекендейтін ұлттар достығының айнасы іспеттес алтын шаңыраққа айналған.Ауызбіршілікке шақыратын қоғамдық институттың мүшелері Ұлттық жобаны қолға алды. Тың бастама еліміздің этномәдени орталықтарының әріптестігін нығайтуды көздейді. Рухани сабақтастық шарасы ШҚО-да бастау алды. Кейін Павлодар, Қарағанды, Ақмола облыстарын шарлаған достық эстафетасы енді Солтүстік Қазақстан өңіріне жетті. Бүгінде өңірімізде 130-ден астам ұлт өкілі, 117 этномәдени орталық бар. Олардың тілдері мен діндері бөлек болғанымен мақсаттары бір. Қуатты ұлт, шуақты ұлыс құру. Ақмола облысынан келген 42 ұйым мүшелері де достықтың қасиетін жоғары бағалайтындарын танытты. Көкшетаулық үздік өнер ұжымдары өңір тұрғындарына әуезді ән кешін ұсынды. Сахна саңлақтары бірлік түбі береке екендігін  би композициясында ұғындыра білді. Кезінде саяси қуғынға ұшыраған өзге ұлт өкілдерін қонақжай қазақ құшақ жая қарсы алды Бүгінде олардың ұрпағы қоғаммен біте қайнасып, туған елінің жарқын болашағын бірге қалап жүр. 1 сағаттық бағдарламада 200 -ге тарта өнерпаз өз ұлтының алтын қорындағы рухани құндылығын, әдет-ғұрпын паш етті. Екі облыстың мәдениетін сабақтастырған думанды кешті Байжол Шахмановтың орындауындағы  «Достық бесігі» әні тұйықтады. Жезтаңдай әншілер мен мың бұралған бишілердің табысты өнері басты сыншы көрерменнің ыстық шапалағынан аңғарылды. Айыздары қанған жергілікті жұртшылық бұл мәдени әріптестіктің үзілмеуін қалайды. Барлық облыстарды аралайтын “Достықтың жол картасы” кітабы шілде айында Елбасына табысталмақ.
 

 

Жеңіс Ермұқанов