Білім

Петропавлда білімпаздар сайысы басталды



 

Бүгін еліміздің әр облысында Президенттік олимпиаданың алғашқы кезеңі өтіп жатыр. Дарынды балалар математика, физика, химия және биология пәндерінен мүмкіндіктерін көрсетуде. Өңірлік білім додасына 178 оқушы бағын сынамақ.

Нұрболат Бикенов, облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары:
65-і ауданнан келген оқушылар, 69-ы қала мектептерінен. 55 біздің облыстық мекемелерден келген оқушылар. Бұл 4 пәнді алу кездейсоқ нәрсе емес. 4 пән бойынша ең негізгі көрсеткіш ҰБТ болады. Сондықтан бұл алдын ала дайындалу.

Диана Жайлаубаева 4 пән бойынша өз білімін тексеруге келіпті. Оқушы Есіл ауданының намысын қорғап отыр. Облыстық, республикалық сындарда жүлделі орындарға ие болған қыз бұл жолы да жақсы көрсеткіштен үмітті.

Диана Жайлаубаева , №3 Явленка орта мектебінің оқушысы, Есіл ауданы:
Біз бүгін физика, математика, химия, биология пәндерінен олимпиадаға қатысып жатырмыз. Қобалжып тұрмыз. Бірақ бұл біздің өмірімізге керек пәндер. Бағымызды сынап көргіміз келеді.

Ал Сәкен Кәкен физика пәніне аса ден қойған. Оқушы бұл олимпиадаға жақсы дайындалыпты.

Сәкен Кәкен, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат оқушысы:
Физика өмірде де, алдағы мақсатта да қажет болады. Бұл олимпиадаға күні-түні, жаз бойы, 1 жылдап, 2 жылдап дайындалдым.

Шәкірттерін қолдау үшін Анаргүл Қайырбекова Ақжар ауданынан келіпті. Ол олимпиадаға 6 оқушыны дайындапты. Балалардың білім сынында топ жаратынына сенімді.

 Анаргүл Қайырбекова, Үлгілі орта мектебінің химия пәнінің мұғалімі, Ақжар ауданы:
-Жалпы бізде 6 оқушы.
Олардың ішінде 1 ұл бала, қалғандары қыздар. Мен ойлаймын олар бекер келген жоқ деп. Балаларымыз бар мүмкіндіктерін көрсетіп, жақсы нәтижеге жетуге тиісті деп ойлаймын.

Келесі кезеңге жақсы көрсеткішпен алға шыққан 30 солтүстікқазақстандық жолдама алатын болады.

Айдана Демесінова