Билік

Тәртіптік кеңестің отырысы

 

 

Петропавл қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы болып қызмет еткен Андрей Попов тәртіптік кеңесте 3 факті бойынша айыпталды. Прокурорлар ол бөлім бастығының міндетін атқарған уақытта өрескел заңбұзушылықтарға жол берген деп отыр. Яғни, жаңадан салынған көмірсутегі шикізатын қайта өңдейтін кешенді қабылдау кезінде заң талаптарын орындамаған.

Қонысбек Ибраев, Петропавл қаласының прокуроры:

-Нысандарды мемлекеттік комиссияның және мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы мен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі өкілетті органның келісімінсіз қабылдаған. Нысанның құрылымдарын өзгертуге сәулет-жоспарлық тапсырмалар жергілікті атқарушы органдардың рұқсатынсыз беріліп келіпті.

Андрей Попов, әрине, ақталуға тырысты.

Андрей Попов, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы:

– Бір менің мойныма өте көп міндеттер жүктелді. Әрі осындай заң талаптары бар екенін мен білмеппін. Бұндай істерім үшін кешірім сұраймын.

Андрей Поповты комиссия мүшелері жұмысынан шығару туралы шешім шығарды.
Ал Айыртау ауданындағы Володарский селолық округінің әкімі Шоқан Бақрамовқа прокурорлар  мемлекеттік қызметпен қатар жеке кәсібімен де айналысқан деген айып тақты. Осы жерде ұзақ әңгіме басталды. Қадағалаушы орган өкілдері заңбұзушы жеке кәсібін кеш жапты десе, округ әкімі Шоқан Бақрамов жоқ, мен салық бөлімімен жұмысты ерте тындырдым деп ақталды. Тәртіптік кеңес мүшелері екі тараптың да пікірлерін тыңдап, Шоқан Бақрамовқа ескерту жариялады.
Отырыс барысында сондай-ақ, М. Жұмабаев ауданының мемлекеттік органдарында жүргізілген тексеріс қорытындысы тыңдалып, облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Мақсұт Жолмағамбетов қызметкерлерінің Ар-намыс кодексі  талаптарын ұстануы бойынша есеп берді.

Данаш Хамзина