Құқық қорғау органдары

“Қауіпсіз жол” акциясы аяқталды

 

 

 

Жол ережесін сақтамау жүргізуші куәлігінен айырып қана қоймай, қайғылы оқиғаға да әкеліп соғады. Ағымдағы жылы біздің өңірімізде ғана 286 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Нәтижесінде 46 адам көз жұмды. «Қауіпсіз жол» акциясы аясында полицейлер 5 күн күшейтілген түрде жұмыс істеді. Жол полициясының инспекторлары рейдті Петропавлда ғана емес, аудандарда ұйымдастырды. Бұл оң нәтижесін берді.

Әбілсейіт Жолаушин, СҚО ІІД ЖПБ аға инспекторы:
-5 күн ішінде 2303 жол ережесін бұзу фактісі тіркелді. Оның ішінде 115 жүргізуші мас күйінде рөлге отырып ұсталды. Жылдамдықты шамадан асырған 115 көлік иесіне әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ қарама-қарсы бағыттағы жолға шығу сияқты 60-тан астам жол ережесін бұзу фактісі анықталды.

Явленкада қайғылы жағдай орын алды. «БМВ» маркілі көлік ағашқа соғылды. Автомобильдегі 4 жолаушы қаза тапты. Жүргізуші ауыр жағдайда аудандық ауруханаға жеткізілді. Ал Петропавлда бірнеше рет басы істі болған техникалық қызмет көрсету орталығының жұмысшысы «Митцубиси-Галант» маркілі темір тұлпарды ұрлап әкеткен. Ол рөлге мас күйде отырған. Автомобиль жол сақшыларының назарына айналма жолда ілікті.

Қанат Алпысбаев, СҚО ІІД ЖПБ жол полициясы жеке батальонының инспекторы:
– Заңды түрде көлікті тоқтаттық. Алайда жүргізуші мұны елемей, қала жаққа қарай жылдамдығын асырып жүре берді. Нәтижесінде бекеттен 500 метр жерде жүргізуші
рөлге ие бола алмай, жолдан шығып кетті.

Көлікте 2 жолаушы қыз отырған. Біреуі көз жұмды. Ал екіншісі ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Машина жүргізушісі ұсталды. Полицейлер тек жол сақшылары ғана емес, көлік иелері мен жаяу жүргіншілер де қайғылы оқиғаның орын алмауына күш салуы қажет дейді.

Айдана Демесінова