ТКШ

Су бағасы қымбаттайды

 

 

Жиында тұтынушыларды сапалы қызметтермен қамтамасыз ету, есептеу құрылғыларын орнату, нормативтік техникалық ысыраптарды төмендету және жою, су желілерін жаңғырту сияқты бірқатар өзекті мәселелер талқылануда. Түйткілін тарқату үшін қомақты қаржы қажет. Осыған орай «Қызылжар су» ЖШС қызмет тарифін көтеруді сұрап отыр.

Нелли Бабакехян, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі СҚО бойынша департаменті директорының орынбасары:

-«Қызылжар су» кәсіпорны магистральды су құбырлары және таратушы желілер арқылы тұтынушыға жеткізілетін ауызсу құнын орташа есеппен алғанда 1 текше метр үшін 75,83 теңгеге жеткізуді, ал ағын суларды тазарту бойынша тарифті орташа алғанда 65,22 теңгеге дейін көтеруді сұрап отыр. Бұл ұсынысты қарастырып отырмыз. Қарашаның 14-і тіршілік көзінің нақты тарифі белгіленетін болады.

«Қызылжар су» ЖШС қарашаның 30-нан жаңа тарифті енгізуді көздеп отыр. Тұрғындардың 30 пайызының суды аз тұтынатындығы анықталды. Олардың 1 айда пайдаланған тіршілік көзінің орташа көлемі 3 текше метрді құраған. Жаңа тарифке сәйкес есептегіш құрылғыны орнатқан азаматтар азырақ шығындалмақ. Яғни мұндай жабдығы бар, айына 1 адам үшін 3 текше метр көлемінде суды пайдаланатындар 38 теңге 19 тиын, ал тіршілік көзін бұл көрсеткіштен асырып тұтынғандар 47,74 төлейтін болады. Есептегіш құрылғыны орнатпаған азаматтар үшін тариф 57 теңге 29 тиынға жетпек. Тұрғындар да бұл өзгерісті қолдап отырған көрінеді.

Лидия Копотилова, «Мир, 127» ЖПИК төрайымы:
Су желілерін жаңғырту аясында тарифтің көтерілуі заңды. Өйткені техниканы жаңарту үшін қыруар қаржы керек. Ауызсу бағасының өсуіне сәйкес тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасы да артуы тиіс.  

Бүгінгі жиынға «Қызылжар су» серіктестігінің қызметкерлері де келген. Оларды  жалақы  мәселесі толғандырып отыр.

 Владимир Степаненко, «Қызылжар су» ЖШС қызметкері:
Жалақым өте аз. Еңбекақы мөлшері 33 мың. Ал қолыма шамамен 23 мың теңге аламын.  

Тарифті көтеру есебінен кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысын ұлғайту да жоспарланып отыр.

Айдана Демесінова