Мәдениет

Н.Погодин атындағы театрдың мерейтойы

 

 

Н.Погодин атындағы орыс драма театрының 126-шы маусымының шымылдығы ашылды. 125 жыл бойы жерлестерімізге рухани азық берген мәдениет ошағының шығармашылық ұжымы өнерсүйер қауымның жүрегіне жол таба білді. Бұл күні театр қызметкерлерін атаулы күнмен құттықтау үшін облыстық мәдениет басқармасының бастығы Талғат Ақылбеков келді. Театрдың өркендеуіне сүбелі үлес қосқан азаматтар марапатқа ие болды. Погодин атындағы орыс драма театры жаңа маусымын М.Әуезовтың «Қарагөз» спектаклімен ашты. Шығарма сюжеті Сырым, Қарагөз бен Наршаның трагедиясына құрылады. Шоқтығы биік туынды махаббат пен жеке бастың бостандығы жолындағы күресті суреттейді. Сырым мен Қарагөз бірге болу үшін көзсіз тәуекелге барғанымен, баянды бақытқа жете алмайды. «Қарагөз» қойылымындағы басты рөл Татьяна Терлецкаяға бұйырды. Актриса бұл образға еніп, оны көрерменге нанымды жеткізу оңай болмағандығын жасырмады.

Татьяна Терлецкая, Н.Погодин атындағы орыс драма театрының актрисасы:
-Көрермендердің біз үшін қобалжып, бізді қолдап отырғаны сезілді.
Рөлді сәтті ойнап шығуға осы жағдай да септігін тигізді. Кейіпкердің образына ену өте қиын болды.

2 сағат бойы қойылымды тамашалаған жұрт спектакльге оң бағасын берді.

Бүгін өте ұнады бәрі. Көңілімізді көтерді осы спектакль. Бәрі жақсы. Актерлері жас .
Өте жақсы болды. Осы театрдың актерларына айтатыным көп-көп рахмет. Демалыс күндері келіп тұрамыз.

Айдана Демесінова