Құқық қорғау органдары

Мемлекеттік күзет қызметінің мерейтойы

 

 

Бүгінде облыстық мамандандырылған күзет қызметінің жеке құрамы 604 тәртіп сақшысынан құралған. Биік көрсеткіштерді бағындырып, белсенді жұмыс жасағандардың бірқатары салтанатты шараға жиналды. Өзгелері тіпті кәсіби мерекеде де тыным таппай, міндеттерін атқаруда. Күні, түні қоғамдық тәртіпті қадағалап, мемлекеттік маңызды нысандардың күзетінде жүргендерді атаулы күнмен қала әкімі Болат Жұмабеков құттықтады.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
Сіздердің қызметтеріңіз өте жауапты. Елбасы жүктеген тапсырмалар мүлтіксіз орындалады. Экономикалық маңызды, стратегиялық нысандардың бүтіндігін сіздерге сеніп тапсырлады. Ең бастысы азаматтарымыздың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Тәртіп сақшылары қашанда өзгелерге үлгі. Ішкі істер органдарының елжанды жастарды тәрбиелеуде маңызы айрықша.

Мерекелік кеште өз істерінің үздіктері облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттарына ие болды. Еңбегі бағаланғандардың қатарында облыстық МКҚБ бастығының орынбасары Қайрат Таңатқанов та бар. Еңбек жолын қатардағы сақшыдан бастаған подполковниктің оңай емес жауапты қызметте жүргеніне 23 жыл болыпты.

 Қанат Таңатканов, СҚО МКҚБ бастығының орынбасары:
– Бұл қызмет 60 жылда талай реформаларды бастан өткерді. 2005 жылдан біз мемлекеттік маңызды нысандарды күзетемсіз.
Мақсатымыз ел азаматтарының қауіпсіздігі мен мемлекеттік мүлкті сақтау. Бұл міндетті абыройлы атқару үшін бар жағдайлар қарастырылған.  

Қай уақытта болмасын тәртіп сақшыларының мақсаты-қоғамдық қауіпсіздікті сақтау. Бұл күні ардагерлер қауымы да құрметке бөленді. Қадірменді меймандардың кеудесіне “ҚР полициясына 20” жыл мерейтойлық медалі тағылды.
Мерейтойлық кеуде белгілерінің бірі отставкадағы полковник Марат Рахимовке тарту етілді. Өңіріміздің мамандандырылған күзет қызметін басқарған Марат ағаның құрметті демалысқа шыққанына үш жыл болыпты. Десе де әлі күнге дейін ізбасарларына ақыл-кеңесін беріп тұрады.
Антына берік сертіне адал полицейлердің бірқатары мерзімінен бұрын шені бойынша бір саты жоғарылады.
175 адамға ақшалай сыйақы тағайындалды. Қоғамдык тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалауда денсаулықтың шымыр болғаны жөн. Спорттық жарыстардың жеңімпаздары да ескерусіз қалмай марапатқа ие болды. Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.

Жеңіс Ермұқанов