Қоғам

Қайта тіркеуден кейін діни бірлестіктер саны айтарлықтай кеміді


 

Өткен жылдың қазан айында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға сәйкес өңірдегі 73 діни ұйым рәсімделуі қажет болатын. Бұл науқанға орыс-православ бірлестігі де қатысты. Әулие Петр мен Павел шіркеуінің басшысы Сергий әкейдің айтуына қарағанда, құжаттарды тапсырарда ешқандай қиындықтар туындамаған. Барлығы православтық 29 бірлестік рәсімделіпті. Дін қызметкері жаппай тіркелудің Құрбан айт мерекесінің қарсаңында аяқталуын жақсылыққа балап отыр.

протоиерей  Сергий:
Солтүстік Қазақстан облысының мұсылман жамағатын Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын. Биылғы жыл біз үшін ерекше болды. Себебі, біз бәріміз қайта тіркеуден өтіп, жаңа құжатқа ие болдық. Енді одан әрі бірлік пен ынтымақтастықта өз қызметімізді жалғастыратын боламыз.

Рим-католик діни ұйымдарының 11-і жұмысын жалғастыруға заңды түрде рұқсат алды.

 Анджей Михонь, Святая Троица рим-католик шіркеуінің жетекшісі:
– Католик шіркеуі Қазақстанда 1998 жылы Ватикан және Қазақстан елдері арасындағы келісімнің арқасында ашылған. Бүгінде біз қайта тіркеуден өттік және алдағы уақытта адамдардың және елдің игілігіне жұмыс істей береміз деген ойдамын. Мұсылман бауырларымызды қасиетті құрбан айты мерекесімен құттықтаймын. Адамдар арасындағы түсіністік арта берсін.

Діни ұйымдарды тіркеп, олардың жұмысын заңдастыру бүгінгі қоғамда аса маңызды дейді облыстық дін істері жөніндегі департаменттің директоры Нұрислам Ғабдуллин.

 Нұрислам Ғабдуллин, СҚО дін істері жөніндегі департаменттің директоры:
– Орыс православ шіркеуінің 9 бірлестігі тіркеуден өткен жоқ, 8 дәстүрлі емес протестанттық ұйым осы уақытқа дейін өтініш бермеген. Бұрын Ислам дініндегі 25 филиал болса, оған тағы 39-ы қосылды. Енді барлығының саны 64-ке жетті.

Сонымен, өңірдегі бұрынғы 73 діни бірлестіктің 40-ы қайта тіркеліп отыр. Ал, тағы 4-уінің құжаттары әлі қарастырылуда.

Әспет Әбдірешова