ТКШ

Энергетика орталығында жабдықтар жаңғыртылып жатыр

 

2-ші Петропавл жылу- энергия орталығында 7 турбогенератор мен 11 қазандық бар. Орталықтың электр қуаттылығы 347 МВт. Бұл көрсеткішті 2015 жылға дейін 88 МВт-қа арттыру көзделіп отыр. Ол үшін № 4, 1 және 5-ші турбоагрегаттар жаңасына алмастырылмақ.

 Радий Айтикеев, 2-ші Петропавл жылу- энергия орталығының бас инженері:
Қазіргі таңда 7-ші қазандықты жаңарту жұмыстарының 83 пайызы орындалды. Ол желтоқсан айында іске қосылмақ. 4-ші турбинада монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Бұл электр энергиясының сапасын арттыруға септеседі.

Қаңтар айында қалпына келтірілген №6 қазандық іске қосылыпты. Бұл бу өңдеу үрдісін арттырады. Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ экологияға зиянды заттардың шығарылуын 20 пайызға азайтады. Және де агрегаттың жұмысы түгелдей компьютер арқылы бақыланады. Владислав Темниковтың машинист пультына отырғанына 5 жыл. Ескі құрылғыларды да көзі көрген.

Владислав Темников, 2-ші Петропавл жылу- энергия орталығының машинисі:
Мына мониторда әрбір агрегаттың температурасын, дірілдегенін көруге болады. Егер машинист бір олқылықты аңғармаса, құрылғы бірден дыбыс және түс арқылы белгі береді. 4 ауысымда жұмыс істейміз.

Экскурсияға келген қоғам өкілдері кәсіпорындағы инвестициялық бағдарламалардың орындалуымен танысты. Жалпы 2009 жылдан бері 2-ші Петропавл жылу- энергия орталығын жаңғыртуға 9,1 млрд теңге қаражат жұмсалыпты.

Нелли Бабакехян, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаменті бастығының орынбасары:
– 2009 жылдан 2015 жылға дейін «Инвестицияға – тариф» жүйесі енгізілген болатын. Яғни халықты жылу және энергиямен қамтушы орталықтар қабылданған тарифтерге сәйкес жаңғырту жүргізуге міндетті. 2-ші Петропавл жылу- энергия орталығында бұл жұмыстардың атқырылып жатқанына көзіміз жетті.

Орталықты модернизациялау бағдарламасының соңында тағы бір жаңа 12-ші қазандық іске қосылмақ. Және де 7 турбинаның 3-уі жаңартылады деп жоспарлануда.

Инеш Шоқақова