Аптадағы маңызды жаңалықтар

Агроөнеркәсіп саласы қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

 

 

 

Биыл облысымыздың ауыл шаруашылық тауар өндірушілері 168 млрд теңгенің өнімін шығарыпты. 2 млн тонна астық экспортталды. Ауыл іскерлерінің   кәсібін дөңгелетуге 30 млрд теңгенің инвестициясы құйылған. Агроқұрылым кешенінің жемісі “Берекелі өлке” көрмесіне шығарылды. Орақ науқанын қорытындылайтын салтанатты шараға қатысқан өңір жетекшісі Серік Біләлов ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Биылғы жылы облыс диқандары ауа райының қолайсыздығына қарамастан мол астық жинады. Бұл жетістік  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  қолдауымен ауыл шаруашылық өндірісін тиімді жүргізудің арқасы. Құрметті солтүстікқазақстандықтар, келе жатқан ауыл шаруашылық күнімен шын жүректен құттықтаймын.

Жаз бойы бел жазбай, танап басында тер төккен ауыл еңбеккерлері шынымен ерледі. Биыл ел қамбасына құйылған ырыс дәнінің 31 пайызын табанды еңбек пен ғылымды ұштастыра білген өңір диқандары жиған. Оның 90 пайызы 3 сұрыпты. Аграрлы өлкенің бұл көрсеткіші 700-ге тарта серіктестік пен үш мыңнан артық шаруа қожалығындағы 20 мың ауыл қызметкерінің ортақ табысы.

Айдарбек Сапаров,СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Облыста биыл 4,5 млн. Га жерге дән себілді. Оның ішінде 3 млн 830 мыңы дәнді дақылдар. Бидай алқаптарының гектарынан 12,9 центнер астық алынды.
Барлығы 4,9 млн тоннадан артық сапалы бидай өндірілді.

Өңір басшысы өткен науқанда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген Қызылжар ауданының әкіміне 30 млн теңгенің сертификатын ұстатты. Биылғы орақта қызылжарлықтардың егіні өзгелерден аса бітік шыққан. Ондағы серіктестік алқаптарының орташа гектар берекелігі 19,6 центнерден айналыпты. 168 мың Га алқаптан 330 мың тонна бидай бастырылды.

Виктор Редин, Қызылжар ауданының әкімі:
– Мемлекеттің қолдауы күшті. Сондықтан да тың технологияларды ендіретін мүмкіндіктерді қалт жібермедік.
Биыл 1 млрд. теңгеге жуық субсидия алдық. Осының арқасында кей шаруашылықтардағы егіннің шығымдылығы 40 центнерден артық болды.

Есіл және Мамлют аудандарының агроқұрылымдарының да маңдай тері ақталып жұмыстары жемісті болды. Бадана дән құлатқан екі ауданға сәйкесінше 20 және 10 млн теңгенің сертификаты табысталды. Биыл 13 млрд теңгегенің ауылшаруашылық техникасы алыныпты. Осының арқасында алқаптарға 980 бірлік су жаңа жоғары өнімді кешен шыққан. Берік Зәкірін облыс әкімінің құрмет грамотасына ие болған үздік механизаторлардың қатарында. Кез келген техниканың тілін тауып жүрген Есіл ауданы  тұрғынының комбайн рөліне отырғанына 17 жыл.

Берік Зәкірін, “Ебжанов және К” ЖШС механизаторы, Есіл ауданы:
– Жаңа дән орғыштар толықтай автоматтандырылған өте ыңғайлы.
Күніне 80-100 тонна астық құлатуға қауқарлы. Десе де қандай техника болмасын адам қолымен істейді ғой. Сондықтан бұл білікті диқандардың еңбегінің жемісі.

Салтанатты жиында еңбектері еленген диқандарға ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табыс етілді. Ведомство тағайындаған “Еңбек Даңқы” кеуде белгілері де өз иелерін тапты.

Ербол Нұрахметов, “Райымбек” ШҚ басшысы, Тимиряз ауданы:
Биыл 3 мың Га бидай септік. Орташа 10 центнер егін жинадық. Жер өңдеумен қатар мал шаруашылығымен айналысамын. 150 бас қара мал, 100 бас жылқы бар. Медальға рақмет.

Мерекелік жиында мал шаруашылығының жетістіктері де айтылды. Бұл орайда да қызылжарлықтар алдыңғы орында. Ауданға бөлінген 15 млн теңге сыйақы да ауылдық аймақтардағы әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға жұмсалмақ. Бұл орайда Ақжар ауданына – 10, аққайыңдықтарға 5 млн теңгенің сертификаты берілді. Бүгінде облысымызға шетелден 31,5 мың бас ірі қара жеткізілген. Соңғы екі жылда 6 асыл тұқымды мал кешені ашылыпты. Жыл басынан ғана 68 мың тонна сиыр еті, 365 мың тонна сүт өндіріліпті.

Геннадий Зенченко, “Зенченко және К” КС бас директоры:
Соңғы 5 жылда 5 мал кешенін тұрғыздық. Бүгінде шаруашылығымыздағы асыл тұқымды ірі қараны 6 мың 150 басқа жеткіздік. Оның 3 мыңнан артығы сауын сиырлар. Өзгелері етті бағытта. Биыл ғана 1 млрд теңгенің құрылыс жұмыстарын жүргіздік.

Бұл күні астықты өңірдің ауыл шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосқан ардагерлер де ұмыт қалмай, құнды сыйлықтармен марапатталды. Туған күні кәсіби мерекемен тұспа-тұс келген Құдайберген Қалиев саналы ғұмырын жер өңдеуге арнапты.

Құдайберген Қалиев, еңбек ардагері:
Ауыр жылда 13 центнер егін алу оңай шаруа емес. Бұл еңбекті атқарған сіздерге біздің ісімізді сәтті жалғастығандарына алғысымды білдіремін.

Жиында сондай-ақ тазалық үшайлығының қорытындысы жарияланды. Абаттандыру шарасының үздік үштігіне Ғ Мүсірепов, Ақжар және Уәлиханов аудандары кірді. Ауыл шаруашылығы еңбеккері күніне арналған салтанатты шара мерекелік ән- шашуға ұласты.

Жеңіс Ермұқанов