Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жыл соңына дейін облыс орталығында 98 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріледі



 

 

Жамбыл және Челюскин көшелерінің қиылысында 200 пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Облысымызда соңғы ширек ғасырда бұндай ірі баспана тұрғызылмапты. 2010 жылы бастау алған құрылысқа бүгінде 120 адам жұмылдырылған. Оның 30 “Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасы аясында еңбекке тартылған екен. Құрылыс басында болған өңір жетекшісі Серік Біләлов атқарылған шаруамен танысып, пәтерлердің бағасын сұрап білді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Бір шаршы метрдің бағасы қанша?

– Тұрғын үй үшін 160 мың теңге, ал кеңсе ғимараттары –  250 мың теңге

9 қабатты үйде 13 мың шаршы метр тұрғынжай мен 2,5 мың шаршы метр жерге кеңселік орындар қарастырылған. Мердігерге тапсырылған жұмыс көлемінің басты бөлігі тындырылып қойылыпты.

Александр Авдеев, “Казградстой-НС” ЖШС бас директоры:

Баспананы 2 кезеңмен тапсырамыз. Қарашаның соңына дейін үш подъездегі жұмыстар аяқталады. Қалған 100 пәтерді желтоқсан айының ішінде қолданысқа береміз. Бар жоспардың 95 пайызы орындалды. Осы уақытта нысанның қасбеті мен ішін әрлеп, ауланы абаттандыру керек.

Жаңа үйден баспаналы боламын деушілер екінші деңгейлі қаржы институты арқылы пәтерге несие рәсімдеу мүмкіндігіне ие.

Ерік Сағымбаев, “БТА банкі” АҚ СҚОФ директоры:
– БТА банкі өңір тұрғындарына “Арман кілті” ипотекалық желісін ашып отыр.
Несиенің жылдық үстемеақысы 12,7 пайыз. Қарыз 3-20 жылға дейін беріледі. Алынған қаржы берешегін уақытынан бұрын өтеуге болады. Бүгінде 80-ге тарта азаматтан өтініш түсті. Қазір өтініштерді комиссия қарап жатыр.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі де өз салымшыларына екі бірдей баспана көтеріп жатыр. Облыс әкімі құрылыстың сапасын байқап көрді. Интернационал, 4Г мекенжайындағы 55 пәтерлі үйдегі жұмыстар бітуге жақындағын. Бүгінде инженерлік желілерге дейін тартылып қойылыпты.

Дінмұхамед Берікбаев, “Еңбек-Ақмола” ЖШС участок бастығы:
Жылу мен су келіп тұр. Кәріздік желілер дайын. Қазір кестеден қалмау үшін құрылысшылар екі ауысымда еңбектенуде. Ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы қараша айының 28-не дейін нысанды толықтай тапсыратын боламыз.

Жоба аясында Юбилейный-Семашко көшелерінің қиылысындағы 126 пәтерлік тұрғын үйдің қолданысқа берілу күні алыс емес. Бұған Серік Біләлов көз жеткізді.

Николай Кошиков, “Петростой-Люкс” ЖШС директоры:
Қажетті құрылыс материалдары жеткілікті. Бір мәселе құбырларды тартып қойдық. Бірақ жылу жоқ. Осы ғана сәл кедергі болып тұр. Жалпы тұрғын үй 90 пайыз дайын. 10-шы желтоқсанда пәтер кілттері тапсырылу үшін бар жұмысты аяқтауға тырысамыз.

Бұл үйлердегі пәтерлердің 1 шаршы метрінің құны 90 мың теңге. Сондықтан сұраныс та бар.

Балахмет Мөлдинов, “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ директоры:
Былтыр хабарландыру беріп салымшылардың арызын жинадық. Әрбір алымшы пәтерінің қабатын, нөмірін біледі. Салымшылар алуға, біз несие беруге даярмыз.

Облыс әкімі жаңартылып жатқан Солтүстік коллекторының  жұмысымен де танысты. Биылғы жоспарға сай кәріздік құбырдың 4,7 шақырымы жаңасына алмастырылыпты.

Антон Федяев, СҚО энергетика және коммуналдық шаруашылығы басқармасының бастығы:
– Тұтынушылардың барлығы жаңа желіге қосылды.
Биылға бұл жұмыстарға 320 млн теңге бөлінді. Қаржы толығымен игерілетін болады. Қазір құбырлар өтетін жолдар қалпына келтіріліп жатыр. Қазылған жерлерге 2 қабат тас жол төселді. Алдағы екі жұмада жүктелген жұмыстар толығымен аяқталады.

Жыл соңына дейін облыс орталығында енді бір балабақша қолданысқа берілмек. 320 орындық мектепке дейінгі тәрбие мекемесінің салынуы да өңір жетекшісінің бақылауында. Құрылыс аумағы 3 мың шаршы метрді құрайды.

Агамалы Ахадов, “СевКазЭнергострй” ЖШС директоры:
– Жұмысқа 75 адам жұмылды. Бірінші қабат –  80 пайызға,
екінші қабат 95 пайызға әзір. Кіші сәулет пішіндерін орнату қалды. Жоспар бойынша желтоқсанның 20-сы тапсырылуы тиіс. Біз қалалықтарға кестеден бұрын Тәуелсіздік күніне сыйлық жасауға тырысамыз.

“Береке” ауданындағы жалдамалы коммуналдық тұрғын үйлердің қалануы да Серік Біләловтың назарынан тыс қалмады. Биылғы 95 пәтерлі алғашқы әлеуметтік баспананы көтеру “Основание” ЖШС тапсырылыпты. Жоба құны 541 млн теңге. Қаржының көп бөлігі игерілген.

Сергей Тимофеев, “Основание ЖШС директоры:
Мемлекеттің тапсырысы бойынша осымен 7-ші үйді салып жатырмыз. Үстіміздегі айдың соңына дейін қалған шаруаны тәмамдаймыз. Қарашада пәтер иелері қоныстана бастайды.

Іргесінде бой түзеп жатқан дәл осындай жалдамалы коммуналдық баспана құрылысы да аяқталуға жақын.

Игорь Киселев, СҚО құрылыс басқармасының бастығы:
– Мердігер – “Велта” серіктестігі.
Құрылысшылар нысандағы жұмыстарды аяқтаған. Енді ауланы абаттандыру шаруалары қалды. 25-ші қарашаға дейін тапсырылады. Жалпы өңіріміздегі баспана құрылысының жылдық жоспары 98 мың шаршы метр. Жаңа жылға дейін барлық көлем толығымен игерілмек.

Бұл екі үйдегі 190 пәтердің барлығы баспанаға зәру боп жүрген, кезектегі азаматтарға арнайы салынуда. Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі уақыт күттірмейтін құрылыс қарқынын жылдамдатып, көзделген шаруаны толықтай орындауды тапсырды.

Жеңіс Ермұқанов