Бизнес және экономика

Жаңа жобаның тұсаукесері

 

 

Енді, өз ісін ашамын деген бизнесменнің нысаны Индустриалдық аймаққа орналастырылмақ. Осылайша, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өкілдері өңір экономикасын өсіруге серпін беретіндеріне сенімді. Мамандардың айтуынша, ең алдымен жеке кәсіпкерлік дамиды, одан қаржы оңтайландырылып, тиімді жұмсалатын болады әрі жаңа жұмыс орындары ашылады.

Тотықамал Құлжанова, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы:

-Аймақ қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде. Бұл – “Көкшетау-Омбы” айналмалы жолының маңындағы 148 гектар жер. Индустриалдық аймаққа қазақстандық және шетелдік инвесторлар тартылады. Инвестициялық жобаларын жүзеге асыратын іскерлер инфрақұрылымды жасауға шығындалмайды. Өйткені, жол, электр жүйесі, теміржол, су мен кәріз жүйелері және байланыстың бәрі мемлекет есебінен жүргізіледі.

Астаналық зерттеушілер өңірдің экономикасын түпкілікті саралап, жұмысты 3 ай бойы жазған. Жинақталған материал үлкен, 90 беттен тұрады. Ғалымдар облыста ауыл шаруашылығы, машина жасау саласы мен азық-түлік өндіру қарқынды дамуда деген қорытынды жасап отыр.

Мейрам Қажыкен, “Инновациялық экономиканы ғылыми – зерттеу институты” ЖШС директоры:  
– Егер ресурстық мүмкіндіктер болса, аймақтың да даму келешегі бар. Мысалы, 32 гектарға 60-тан аса шағын өндіріс орындары сыяды. Бұл маңда автомобиль және теміржол магистральдары өтеді екен. Электр желілері мен жылу өндіретін нысандар да жақын орналасқан. Біз ең алдымен 30 га жерді игеріп алуға кеңес береміз.

Индустриалдық аймақты құрушылар  келер жылы жобаны қорғайды. Егер Үкімет республикалық бюджеттен ақша бөлсе, аймақ іс жүзінде салына бастайды.

 Данаш Хамзина