Салық басқармасы

Төлем карточкалары арқылы ақы төлеу



 

Сауда үйлері, дүкендер мен супермаркеттердің сөрелерінен алынған тауарға банк карточкалары арқылы төлем жасау ірі қала тұрғындары үшін үйреншікті іс. Ал біздің облыс орталығында мұндай арнайы жабдықтары бар сауда орындары саусақпен санарлықтай. Дегенмен 1 қаңтардан бастап олардың саны артатын болады.

Жаңыл Қабдөшева, СҚО бойынша салық департаментінің бас маманы:
– 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап, «Төлемдер және ақша аударымы туралы» Заңның 11 бабы 3-тармағына сәйкес, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар төлем карточкалары арқылы төлем жасайтын жабдықтарды қолдануға міндетті болмақ.

Алайда бұл талаптар салық заңнамасына сәйкес шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолданатын тұлғаларға қатысты емес. Сондай-ақ қызмет көрсету орны телекоммуникациялық жалпы пайдалану желілері жоқ аумақта орналасқан кәсіпкерлер де арнайы жабдықты қолдануға міндеттелмейді.

Жаңыл Қабдөшева, СҚО бойынша салық департаментінің бас маманы:
– 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Әкімшілік кодексінің  жаңа  161-2 бабы күшіне енеді. Оған сәйкес арнайы жабдықтың болмауы үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Жеке кәсіпкерлерге 40 АЕК мөлшерінде, шағын және орта бизнес субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға – 60 АЕК.

Ал ірі кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлғаларға – 80 АЕК мөлшеріндегі айыппұл қарастырылған. Карточкалар арқылы төлем жасау тәртібін қадағалау үшін салық органдарының мамандары жоспардан тыс тексеру жүргізуіміз мүмкін дейді.

Инеш Шоқақова