Борышты өндіріп алу үшін сот орындаушылары қандай шара қолданып жатыр

ТКШ

14:09 24 Қазан 2012

Игорь Ягодин – қарызға белшесінен батқандардың бірі. 2008 жылы «Севказэнергосбыт» ЖШС қарызы 599 мың теңгеге жеткен азаматқа шағымданып, сотқа арыз жазған. Бұл іс серіктестіктің пайдасына шешілген екен. Алайда борышкер қарызын қайтаруға асығар емес.

Юлия Башкатова, СҚО сот актілерін орындау департаментінің сот орындаушысы:
-Берешекті қайтару жөніндегі ескерту қағаздарын бұл азаматқа жіберген болатынбыз. Тиісті шараларды
орындады. Борышкер өз түсініктемелерінде шамасы келгенде төлейтіні жайлы жазған. Бірақ бұл азаматтың қарызы жиналып, бүгінгі күні 800 мың теңгеге дейін жетіп отыр.

Қарыз «Универсальная,1А» мекен-жайында орналасқан нысанның мойнында. Ал аталған мекеме арқылы борышты өндіріп алуға болмайды. Өйткені бұл мүлік банкқа кепілдікке салынған көрінеді. Осылайша сот орындаушыларының берешекті қайтара алмай жүргеніне 4 жылдың жүзі болды. Енді қамсыз жаннан қарызды қайтару үшін мәжбүрлеу шараларын қолданбақшы. Сот орындаушыларының айтуынша, «Серебристый лещ» деп аталатын   дәмхана алаңында Игорь Ягодиннің ВАЗ-2110 маркілі көлігі тұр. Бұл жерді борышкер кафе иесінен жалға алған екен.

 Юлия Башкатова, СҚО сот актілерін орындау бойынша департаментінің сот орындаушысы:
-Автокөлікке тыйым салу жөнінде хаттама жазғанда кафе қызметкерлері бізге кедергі келтірді. Олар бізді 40 минуттай қамауда ұстады. Қалай болғанда да борышкердің көлігін тәркілеп, оны саудаға қою арқылы қарызды өндіріп алуымыз қажет.

Жыл басынан Сот актілерін орындау департаментінің Петропавл 2-аумақтық бөліміне барлығы 5,5 мың сот актілері түсіпті. Бүгінгі күнге дейін оның 2100-і орындалды.

Айдана Демесінова