Ауыл шаруашылығы

Агроөнеркәсіп саласына кадрлар даярлауда дуалдық оқытуды енгізу



 

Республикалық семинарға 200-ден артық адам қатысты. Мәжіліс еліміздің білім саласы мен ауыл шаруашылық басқармаларының өкілдерін, кәсіпкерлердің басын қосты. Бүгінде мемлекет бойынша жоғары және орта кәсіптік білім беретін 900-ге тарта оқу мекемесі бар. Оның 176-да ауыл шаруашылығының мамандары даярланады. Бүгінде мал және өсімдік шаруашылықтарының қыр-сырын 48 мың студент меңгеріп жатыр. Тәрбиеленушілердің 34 мыңына білгеніне білім қосу үрдісі қазақ тілінде жүргізіледі.

Қадырбек Бөрібеков, ҚР Білім және ғылым министрлігінің техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры:
Жаңа технологиялар негізінде дамып келе жатқан республикамыздың аграрлық секторы бүгінгі күні кең құзіретті және үдемелі индустриалдық дамудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға терең жаңа үлгідегі мамандарды аса қажет етеді. Сондықтан тиімді кадрлық саясат әр кәсіпорынның, өңірдің экономикасына аса қажет. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, тек кәсіпорындар даярлауға белсенді қатысқанда ғана жоғары білікті мамандар шығаруға болады.  

Бұл аса маңызды әңгіменің өңірімізде өрбітілгені бекер емес. Елімізде шығарылатын бар ауылшаруашылық өнімдерінің 16 пайызы Солтүстік Қазақстан өлкесінің ауыл еңбеккерлерінің үлесі. Бұл агроқұрылым кешендерінде тың технологияларды ендіре білудің арқасы.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жуырдағы жұмыс сапарында облыс диқандарының еңбегіне жоғары бағасын берді. Бұл ауыл шаруашылық саласының дамуына серпін тудырды. Кәсіби кадрлар даярлау және сапалы білім беру экономикасы дамыған елдің негізгі талабы.  

Жиынның өзегіне айналған дуалды оқыту бағдарламасы бүгінде республикадағы 100 -ден артық білім мекемесінінің жоспарына енгізіліпті. Бұл дегеніміз оқу үрдісіне өндірістік тәжірибенің сағаттарын көбірек кірістіру.

Нұршат Абдуллина, ШҚО ауыл шаруашылық колледжінің директоры:
Кәсіптіктехникалық бағдарламаны жетілдіруде қазір жаңашыл жобалар кіргізіліп жатыр. Дуалды оқу жүйесі дегеніміз ертеңгі біздің студенттер жұмыссыз қаламыз деп алаңдамайды. Олар дуалды жүйе арқылы толық білім алып шығады.

Бұл жүйе Жәлел Қизатов атындағы Есіл аудандық ауыл шаруашылығы колледжінің ұжымына жақсы таныс. Білім ордасында елді мекенде аса қажет агроном, мал дәрігері, механизаторлар дайындалады. Шәкірттер оқудың көп бөлігін өңір шаруа қожалықтарында іс жүзіндегі тәжірибеде өткізеді екен.

Бейімбет Бұғасов, Ж. Қизатов атындағы ауыл шаруашылығы колледжінің директоры,Есіл ауданы:
Семинардың маңызы өте зор. Басты тақырып балалардың тәжірибесін оқудан көбірек өткізу, шаруа қожалықтарында еңбек етуі, болашақта жұмысқа орналастыру. Оқу ордамыздың тарихы өте бай. 8 мамандық бойынша мамандар даярлап жатырмыз.  

Ертең кәсіптерін дөңгелетуге септесетін студенттерді оқытуға үлес қосып жүрген шаруашылық басшылары да бұл бастаманы бірауыздан құптап отыр.

Федор Фель, «Вектор Агро»ЖШС директоры, Есіл ауданы:
Ауылдық жерлер қашан да білікті маманға тапшы. Біздің алқаптарға келетін студенттер қазіргі технологиялармен іс жүзінде таныса алады. Бұл мамандығын меңгеруге үлкен көмек. Егер қызығушылық танытып, өзін жақсы қырынан көрсетсе, біз міндетті түрде жұмысқа тартамыз.  

Жалпы бүгінде дуалды оқыту жүйесі өңіріміздің 4 білім мекемесінде жүргізіліп жатыр. Білікті маман даярлауды көздейтін жобаны өзге білім ошақтарына енгізу жоспарланған. Жиын соңында Есіл ауыл шаруашылық колледжімен “Зенченко және К” КС, “Ильинское”, “Богви” ШҚ өзара әлеуметтік әріптестік туралы меморандумға қол қойды.

Жеңіс Ермұқанов