Балалар

Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу акциясы

 

 

Отан, абырой, міндет бұл- ажырамас ұғым. Қасиетті қағиданы әр ер азамат санасына құйып, жүрегімен сезінуі тиіс. Осыны алға тартқан өңіріміздің белсенді жастары мектеп оқушыларын отансүйгіштікке баулитын танымдық кездесулер ұйымдастыруды қолға алыпты.

 Нұрсаят Сәркен, “KazFond” ЖҚҚ СҚО бойынша филиалының атқарушы директоры:
– Ең басты мақсатымыз жастарды әскери өнерге баулу. Жастардың арасында әскерилердің имиджін көтеру. Әрбір азамат өз елін, жерін сүю керек. Осыған шақырамыз.  

Отансүйгіштікке үндейтін шарада оқушыларға мемлекет шекарасының бүтіндігін сақтауда сардарлардың қосатын үлесінің маңыздылығы әңгімеленді. Елдің берік қалқанына айналған қоғам тыныштығын күзететін әскердің бүгінгі жетістіктері баяндалды. Қорғаныс күштерінің толағай табыстары қатаң тәртіп пен табанды талаптың арқасында келді. Отан жүктеген маңызды тапсырмаларды бұлжытпай орындайтындардың қатарына екінің бірі қабылдана бермейді.

 Сағындық Сүлейменов, СҚО қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары:
– Жоғары және орташа кәсібі бар жастар әскер қатарына ең бірінші қабылданады. Жалпы Солтүстік Қазақстаннан шақырылатындар өте жақсы деп бағаланады. Өйткені мектептерде алғашқы әскери дайындық сабақтары жоғары деңгейде өтеді.  

Танымдық кездесуге жиналғандардың  дені өмірін әскери қызметпен байланыстырғысы келетіндер. Сондықтан елжанды  жастар жақсы сарбаз болудың алғы шарттарын жақсы біледі.

– Әрбір азаматтың міндетті отан алдындағы борышын өтеу. Бүгінгі кездесуден қажетті мағлұмат алдым. Мектепте әскери дайындық сабақтарына қатысып жүрмін. Сондықтан елімді қорғауға бүгіннен дайынмын деп сеніммен айта аламын.

Мен бүгінгі кездесуде біздің әскер жақсы дамығанына көз жеткіздім. Әскерге қару ұстай алатын мықты жігіттермен қатар білімді жастар қажет. Сондықтан мен сабағымды жақсы оқуға, спортпен айналысуға тырысамын.

Игі шара аясында өңіріміздің биылғы түлектерін сауықтыру лагерінде жинау көзделіп отыр. Онда болашақ сардарлар денсаулықтарын шыңдап түрлі спорттық сындарды бағындыратын болады.

Жеңіс Ермұқанов