Қоғам

Құрбан айтқа әзірлік

 



Бұл күні Меккеге барған тәуапшылар Мина алқабында құрбандық шалу рәсімі мен қажылықтың басқа да талаптарын орындайды. Бұл шарттарды атқару үшін жуырда 12 жерлесіміз Меккеге аттанды. Ал қажылық жасауға қалтасы көтермеген мұсылмандар мешіттерде айт намазын оқып, құрбандық шалады. Ұлық мереке – халықты жақсылыққа, ауызбіршілікке, татулыққа шақырады. Бұл күні жамағат барша реніштерін ұмытып, татуласады. «Қызылжар» орталық мешіті де құрбандық шалып, оның бір бөлігін жетім балалар мен жесірлерге таратуды көздеп отыр.

 Руслан Қайыргелді, «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы:
– Айттың бірінші күнінде Алла үйінде сағат 9.00-де «Құрбан айт» намазы оқытылады.
Оған дейін жерлестеріміз имамдардың уағызын тыңдай алады. Бұл күні әр пенде үйінде дастархан жайып, бір-бірін қонаққа шақырады. Сондықтан да мереке қарсаңында дүкендерге, базарға азық-түлік сатып алуға ағылатындардың қатары қалың.

Жыл сайын айт шалатын азаматтардың бірі Тана Ашамаева. Тәтті тағамдар мен жеміс-жидектерді алуға Бескөл ауылынан келіпті. Жерлесіміз қасиетті Құрбан айтты тойлауға кеткен шығынды есептемейді. Өйткені айтты Алла тағаланың разылығы үшін шаламыз дейді ол.  Құрбан айт мерекесі қазанның 26, 27 және 28-і тойланады. Қала бойынша құрбан шалуға «Жұмысшы» кентінде арнайы жер белгіленді. Алайда тұрғындар бұл рәсімді үйде де жасай алады.

Айдана Демесінова