Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Қолжетімді баспана-2020” бағдарламасы туралы Үкімет отырысында сөз болды



 

 

Дүние жүзіне қаржылық дағдарыстың екінші толқыны көлеңкесін түсірген уақытта “Қазақстан – алып құрылыс алаңына айналады”. Бұл жөнінде мемлекет басшысы соңғы мақаласында айтқан болатын. Осы орайда Президент “Қолжетімді баспана” бағдарламасын әзірлеуді тапсырған. Үкімет отырысында жобаның іске асырылу барысы талқыланды. Үстіміздегі жылы 6 млн шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілуі тиіс. Бүгінде 4,5 млн шаршы метр пәтер кілттері таратылған. Жекелеген өңірлерде биылғы жоспардың  тең жартысы ғана еңсеріліпті. Бар гәп білікті жұмыс күшінің тапшылығында. Құрылыс материалдары құнының шарықтап, реттелмеуінде дейді жиында сөз алған тиісті ведомство басшылары. Бұл орайда бағаны тұрақтандыру үшін жуық арада мониторинг орталығы құрылмақ. Жеке тұрғын үй салуға 1 млн артық қазақстандық өтініш білдірген. Бүгінде тек 28 пайызының сұрауын қанағаттандыру мүмкін болыпты. Бұған тиесілі өзге аумақтарда инженерлік желілер мүлдем қарастырылмаған. Отырысты қорытындылаған Премьер-Министр Серік Ахметов бұл олқылықтардың орнын толтырып, облыс жетекшілеріне бағдарлама асясында үй тұрғызудың көлемін толық игеруді тапсырды. Селекторлық байланыс үзілген соң облыс әкімі Серік Біләлов “Қолжетімді баспана-2020” бағдарламасының өңірлік жоспары ақсап қалғанын жеткізді. Биылдыққа өлкеде 3,5 млрд теңгенің тұрғын үйлерін салу керек.

Серік Біләлов,СҚО әкімі:
Тұрғын үй салудың бар жоспары жылдың 4-ші тоқсанына қалдырылған. Уақыт тым аз қалды. Жылдық жоспар 98 мың шаршы метр баспана көтеру керекпіз. 9 айда тек 38,4 мың шаршы метр пәтер қолданысқа берілді. Күздің қара суығы келгенде кестеге ілігу оңай болмайды. Уақыт күттірмейтін шараны жылдамдатып тындыру керек. Өйтпесек берілген қаржы игерілмей қалады.

Құрылысшылар болса жүктелген тапсырманы 100 пайыз орындаймыз деп отыр.

Игорь Киселев, облыстық құрылыс басқармасының бастығы:
-Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы салынып жатқан екі үй мерзімге сай тапсырылады.
126 пәтерлі баспананың құрылысы алдағы қарашада, ал 55 пәтерлі үй желтоқсан айында аяқталады. Сол уақытта «Солтүстік» әлеуметтік әлауқат қорымен 200 пәтерлі үй қолданысқа беріледі.

Сондай-ақ облыс орталығында 2 бірдей жалға берілетін тұрғын үй құрылысының биылғы жоспары толықтай орындалмақ. Ондай үйлердің бастапқы жұмыстары Тайынша, Мамлют және Тимирязев аудандарында жүріп жатыр. Жас отбасыларын баспанамен қамту жайы жекелей бағытқа алынғаны белгілі. Енді отасқандарға үй салуға 660 млн теңге қарастырылыпты.

Жеңіс Ермұқанов