Құқық қорғау органдары

Павлодарлық браконьерлер қолға түсті



 

Артемия желбезекті су шаянының уылдырығы аквариум балықтары үшін тамаша ақуызды тағам. Биоқоспа жасауға да пайдаланылады. Яғни, зор сұранысқа ие. Сондықтан браконьерлік нысанға айналған.   «Артемия салина» шаянының уылдырығына толы қаптарды су жәндігін заңсыз аулаушылар “КАМАЗ” көлігіне артып, сатуға жібермек болған. Алайда рейд шараларын жүргізу барысында тәртіп сақшылары Токаревка селосындағы жеке үйлердің бірінің ауласында браконьерлерді аңғарыпты.

  Сергей Соколов, Мамлют АІІБ табиғатты қорғау тобының инспекторы:
– Жеке үйдің қорасында шаян тәріздес жәндіктің уылдырығына толы 182 қап табылды. Бұл қаптар, “КАМАЗ” жүк көлігі және осы оқиғаға қатысты деген 8 адам Мамлют аудандық ішкі істер бөліміне жеткізілді.  

Ұсталғандардың төртеуі Павлодар облысының, ал өзгелері осы Токаревка селосының тұрғындары болып шықты. Үй иесінің айтуынша, белгісіз бір адамдар қорада қаптарды сақтай тұруды сұраған. Ал қалғандары Павлодар облысынан «КАМАЗ» көлігімен қаптарды алып кетуге келіпті. Олардың ішінде қандай зат болғанын үй қожайыны білмедім деп отыр. Ал қапта жалпы салмағы 8 мың келі болатын заңсыз ауланған биоқоспа сақталған. Қазіргі кезде бұл факті бойынша сараптама жүргізілуде. Ұсталғандар ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберіліп, олардың берген жауаптары тексеріліп жатыр. ҚР ҚК 287 бабының 3-тармағы бойынша, яғни су жануарлары мен өсiмдiктерiн заңсыз аулау фактісіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Инеш Шоқақова