ТКШ

Облыстық әкімдікте коммуналдық қарыздарды қайтару мәселесі қаралды

 



Облыс бойынша коммуналдық төлемдер берешегі 202 млн теңге болса, оның 160 млн-ға жуығы-Петропавл қаласының үлесінде. 19-шы шағын ауданның тұрғындары қарызға белшесінен батқан. Олардың коммуналдық кәсіпорындарға берешегі – 28 млн-ға жетіп отыр. Өзге аудандардағы жағдай да мәз емес.

 Антон Федяев, СҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы:
– Қарыздардың 166 млн-нан астамы, яғни 87 пайызы – тұрғындардың берешегі.
Ал заңды тұлғалар 25,8 млн теңге қарыз. Ақшаны қайтару үшін үнемі арнайы жұмыстар жүргізіледі.  

Тұрғындар негізінен «Севказэнергосбыт» ЖШС көрсететін қызметтің ақысын төлемейтін көрінеді. Борыш – 160 млн теңге. 3 жыл бойы төлемақыны өтемегендер де бар арасында. Кәсіпорын директоры кейбір азаматтар арнайы құжаттарға қол қоймау немесе пәтерлерінің есіктерін ашпау арқылы қарызды қайтарудан жалтарады дейді. Бұл тұста мекеме қауқарсыз болып отыр.

 Мағауия Сағындықов, «СевКазЭнергосбыт» ЖШС директоры:
– Жыл басынан мерзімі өткен дебиторлық қарыз 60 пайызға төмендеді. Қазір жылу үшін 71 млн теңге және электр энергиясы үшін 55 млн теңге қарыз қалып отыр.  

Облыс әкімі мерзімі өткен қарыздарды желтоқсан айының 20-на дейін өтеуді тапсырды. Коммуналдық қызмет ақысын уақытылы төлеуді жөн деп таппағандардың тізімі әзірленіп, тиісті шаралар қолданылмақ.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Зейнеткерлер ай сайынғы төлемақыны дер кезінде өтейді. Ал қаржылық жағдайы жақсы азаматтар коммуналдық берешектерін төлеуге ниет танытпай отыр.
Мұның кесірінен коммуналдық кәсіпорындар шығынға батуда.  

Мәселен, «Горгаз Сервис» ЖШС 23,4 млн теңге ақшасын қайтара алмай отыр. Қызметкерлер борышы асып кеткен 64 пәтерді газдан ажыратқан. Дегенмен бұл тұста да қиындқтар туындап отыр.

 Юрий Шишкин, «Горгаз Сервис» ЖШС директоры:
Біздің құбырлар подъездермен емес, пәтерден өтеді. Газдан ажырату үшін пәтерге кіру керек. Ал борышкерлер қызметкерлерді үйлеріне кіргізуге асық емес.  

«Қызылжар су» ЖШС жыл басынан қарыздарының 70 пайызын қайтарыпты. Әлі де 7 млн 600 мың теңге қалып отыр. Жиында мұндай келеңсіздіктерді болдырмау үшін борышкерлерге мемлекет шекарасынан шығуға тыйым салу, пәтерлерін тартып алу сынды қатаң шаралар қолдану ұсынылды. Пәтер иелері кооперативінің төрағалары да тұрғындарды қарызды қайтаруға міндеттеу қажет деген ойда.

 Нина Зуева, «Заречный» тұтынушылар кооперативінің төрайымы:
– Мерзімі өткен қарыздарды есептен шығаруға болмайды.
Ондай жағдайда төлемақыны дер кезінде өтейтін тұрғындар ғана төлейді. Ал борышкерлер төлемнің мерзімінің өтеуін күтетін болады. Тек пәтер иелері коопертивінің қызметі үшін 30 мың теңгеден астам қарыз жинағандар да бар.  

Аудандар да коммуналдық қызметтің төлемін өтемейтін жеке және заңды тұлғалар баршылық. Мұндай жағдай, әсіресе, Ақжар, Шал ақын, Мамлют аудандарында орын алған. Есеп берген аталмыш аудан әкімдері жыл соңына дейін берешек толықтай өтеледі деп сендірді. Облыс әкімі құзырлы органдар мен мекемелерге бірлесе жұмыс атқаруды тапсырды.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Қала және аудан әкімдері коммуналдық қызметтердің қарызын азайтуды қолға алу керек.
СҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бұл мәселе бойынша мониторинг жүргізуі тиіс. Сонымен қатар СҚО бойынша сот актілерін орындау жөніндегі департаментінің сот шешімі бойынша берешекті қайтару жұмысына мықтап кіріскені жөн.

Жыл басынан бері тұрғындарды борышты өтеуге мәжбүрлеу үшін сотқа 140 млн теңгенің 2 426 арызы түсіпті. Соның 841-і қана жүзеге асып, қызмет көрсетуші кәсіпорындарға 67 млн теңге қайтарылған.

Инеш Шоқақова