Спорт

Жасөспірім баскетболшылар біріншілігі


 

Екі елдің жас баскетболшыларының мұндай кездесулері дәстүрге айналған. Жасөспірімдердің ұлттық баскетбол лигасы 4-нші жыл ұйымдастырылуда. Міне, биыл екінші жыл қатарынан жарысқа қатысушы 8 команданы Петропавл қаласы қабылдап отыр.

Серік Жарасбаев, СҚО дене шынықтыру, туризм және спорт басқармасы бастығының орынбасары:
-Бұл жарыс екі елдің арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында өткізіліп отыр. Біздің спортшылар бұған дейін Ресейде болған. Осы жолы да жоғары дәрежеден көрінеді деген ойдамын.  

Алғашқылардың бірі болып қостанайлық «Тобыл» құрамасы мен РФ Асбест қаласының командалары алаңға шықты. Ойын 4 бөліктен тұрады. Әрқайсысы 10 минуттан. Тартысты ойында қазақстандық команда жеңіске жетті. Есеп 61: 38. Бұл жеңіске деген ұмтылыстың арқасында дейді ағайынды Мелещенколар.

Олег Мелещенко:

-Біз «Асбест» командасынан үнемі жеңілетінбіз. Бүгін бар күшімізді салып, ойынды жақсы деңгейде өткіздік. Келесі ойындарда да жеңіске жетеміз деп сенемін.
Игорь Мелещенко:
– Ағам екеуімізді жаттықтырушымыз бірден аңғарды. Бұл ойын өзіме ұнайды. Түрлі жарыстарға қатысамыз. Осы жолы да жеңіс тұғырынан көрінеміз деген ойдамын.  

«Асбест» командасының жаттықтырушысы мұндай жарыстар жас спортшылардың кәсіби деңгейінің артуына жол ашады дейді. Бастысы, жеңіс емес, біліктілікті шыңдау.

Олег Зверев, жаттықтырушы, Ресей, Асбест қаласы:
-Біз бұл турнирға 3-ші жыл қатарынан қатысудамыз. Балалар үшін мол тәжірибе жинауға зор мүмкіндік. Жылына 3 тур өтеді. Спортшылар шеберлігінің артуын кезең барысында да аңғаруға болады.  

Келесі болып тізгінді петропавлдықтар мен Екатеринбург қаласының командасы алды. Бастама жаман емес. Келесі кезеңге қандай командалардың жолдама алатындығы 3 күннен соң белгілі болмақ. Ал ойынның 2-туры қысқы демалыс уақытында Ресейдің Асбест қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.

Инеш Шоқақова