Өнеркәсіп

Қытайлықтар біздің қондырғыларға қызығып отыр

 

 

Әлемдік нарықтың көп бөлігін электронды құрылғылармен қамтитын Қытай ХДР қазақ елінен желілік автоматты қондырғылар сатып алып жатыр. Теміржол нысандарына қажетті қауіпсіздік жүйесі тек Ресейдің Ижевск қаласы мен өңіріміздегі  Киров  атындағы зауытта шығарылады екен. Локомотивтің қозғалысын аса дәлдікпен реттейтін кешенді құрастыруға 100-ден артық адам жұмылдырылған.

Иван Мульков, “Киров атындағы зауыт” АҚ маманы:  
– Қауіпсіздік жүйесі – бүгінгі заман талабы. Қамтамасыз ету бағдарламасы шыққан жерден соңғы нүктеге дейін бар
бағытты өз бақылауында ұстайды. Жылдамдық шамадан асса, жүргізушіні ескертеді. Ескерілмесе қажетті жылдамдықты өзі есептеп реттейді. Кедергі болса, теміржол нысанын шұғыл түрде тоқтатады.  

Әлі сыр беріп көрмеген бұл жабдық 7 рет өлшеп, бір рет кесіп жұмыс істеуге дағдыланған. Сондықтан да қытайлықтардың көңілінен әбден шыққан. Олар биыл ғана 3 млн. АҚШ долларының тапсырысын жасап қойыпты.

Евгений Белоусов, “Киров атындағы зауыт” АҚ техникалық департаментінің директоры:
– Қытайлық “Цзи янг” компаниясымен келісімге тұрдық. Мамыр айында бірлескен жоба құрдық. Екі айдан соң алғашқы өнім үлгісін ұсынып едік, сынақтан мүдірмей өтті. Біздің мамандар қауіпсіздік жүйесін құрастырып өздері орнатып береді. Қытайлық теміржолшыларды қондырғымен жұмыс жасауға үйретеді.
 
Кәсіпорын құрастырушылары қытайлық теміржолшыларға жақсы таныс. Былтырдан “Киров атындағы зауыт” олардың локомотивтеріне отандық радиоқабылдағыштарды дайындап жүрді. Жергілікті өндіріс ошағы жүргізушімен диспетчерді байланыстыратын жабдықты 2005 жылдан жетілдіріп келеді. Қазір аспан асты еліне жөнелтілетін құрылғылардың кезекті партиясы жиналып түрлі жиіліктерде тексеріліп, қорытынды сынақтан өтуде.Биыл қазақстандық үлесі 50 пайыздан асқан бұл теміржол кешендерінің 66 данасы шекара асатын болады. Әріптестік алдағы уақыттарда да жалғасын таппақ. Келер жылға тағы 12 бірлігін әзірлеуге ұсыныс түсіпті.

Жеңіс Ермұқанов