Аптадағы маңызды жаңалықтар

Коммуналдық қызметтер бойынша қарыз мәселесі Үкімет отырысында қаралды

Республика азаматтарының коммуналдық қызметке қарызы 8 млрд теңгеге жеткен. Бұл 2010 жылға қарағанда 1,5 млрд-қа азайғаны. Берешектің ең көп бөлігі – 3,8 млрд теңге жылудың үлесінде жатыр. Солтүстік Қазақстан облысында да қуантарлық өзгеріс байқалмайды. 202 млн теңге әлі сол қалпында тұр. Аймақ басшысына есеп берген басқармалар  және кәсіпорындар басшылары берешекті қайтару бағытында жұмыс істеп жатырмыз деді.Бірақ, нәтиже көрінбейді. “СевҚазЭнергосбыт” серіктестігінде 313 тұтынушы айлап төлемейді екен. Кейбіреуінің 100 мың теңгеге дейін берешегі бар. Аталған кәсіпорын басшысы олардың пәтерлерін сатуды ұсынды. Жыл басынан бері тұрғындардан қарызды өндіріп алу үшін сотқа 140 млн теңгеге 2 426 арыз түсіпті. Соның 841-і ғана жүзеге асып, қызмет көрсетуші кәсіпорындарға 67 млн теңге қайтарылған. Серік Біләлов жұмысқа серпін беру қажеттігін айтты. Бұл жерде сот орындаушылары іске мықтап кірісулері керек.Қалалық борышкер азаматтардан аудандық ағайындар да қалар емес.Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Антон Федяевтің мәлімдеуінше, Тайынша мен Аққайың аудандары қарызын толығымен өтесе, бірқатары әлі берешекті жаба алмай отыр. Мысалы, ең көп қарыз Ақжар ауданында жиналған. Облыс әкімі Серік Біләлов бұл мәселені түпкілікті шешу үшін барлық аудандар басшыларын, басқарма және кәсіпорын жетекшілерін, халық қалаулары мен сот орындаушыларды жиып, үлкен кеңес өткізуді тапсырды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Қаланы жеке аудандарға бөліп қарауды ұсынамын. Борышкердің тұрғылықты мекен-жайын анықтап, бар мәліметті жинау қажет. Құр сөзді қойып, нақты іске кірісіңдер.

Данаш Хамзина