Аптадағы маңызды жаңалықтар

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің Солтүстік Қазақстанға жұмыс сапары

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовтың мәлімдеуінше, алдағы 7 жылда қатарға жаңадан 700 кәсіпорын қосылмақ. Бұл 500 мың жаңа жұмыс орнын ашуға септесетін болады. Кәсібі бардың – нәсібі бар. Жыл соңына дейін 95 мың республика азаматы техникалық мамандықты меңгеріп шығады. Әзірге бұл саладағы орташа жалақы мөлшері 100 мың теңге шамасында. 

Серік Әбденов, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
– Басты мәселе еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Үстіміздегі жылы техникалық талаптарды ескермеудің салдарынан 1,5 мыңнан артық адам өндіріс басында жарақат алды. Ережені сақтамаған 179 еңбеккер жұмыс орнында көз жұмды. Аса өзекті болып тұрған баспана мәселесі де біртіндеп шешіліп жатыр. “Жұмыспен қамту 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында 69 млн шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілмек. Үкіметтің үлесі 2 триллион теңге. Биылдың өзінде 1600-ден артық пәтер кілті тапсырылады. Бұл баспаналардың 338-і СҚО-ға тиесілі.  

Биыл республика бойынша еңбек өнімділігі әрбір тұрғынға шаққанда 2,1 млн теңгені құрайды. Астықты Солтүстік Қазақстан  облысының шаруа қожалықтары бұл көрсеткішті 2,3 млн теңгеге жеткізіпті. Ауылшаруашылығы ел экономикасының басты табыс көздерінің бірі. Бүгінде үкімет “Агроқұрылым кешендерін дамыту” жобасын қолға алды. Өңіріміздің 350 мың тұрғыны ауыл-село адамдары. Сондықтан жиналғандарды бағдарламаның мүмкіндіктері қызықтырды. Басты мақсат еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында отандық тауар өндірушілерді қаржылай қолдау. Оның аясында ауыл еңбеккерлеріне 3 триллион теңге жұмсалмақшы. Бұндай қолдаудың нәтижесінде өндіріс көлемі 1,5 есеге, еңбек өнімділігі 3 есеге, кіріс 20 есеге артады деп күтілуде.

Сақташ Хасенов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК мемлекеттік инспекциясы комитетінің төрағасы:
– Ауыл еңбеккерлерінің кәсібін жаңа деңгейге көтеру керек. Ол үшін қаржылай сауықтыру қажет. Озық үлгідегі тың үрдістерді екінің бірінің ендіруге қауқары жоқ. Мәселен,
«Зенченко және К» КС сауын сиырлар жылына 6 мың литр сүт береді. Өзге шаруашылықтарда өнімділік 2 мың литрден аспайды. Бір егістіктің гектар берекелігі 20 центнер болса, дәл жанындағы алқаптың шығымдылығы 4-ақ центнер. Бағдарлама арқасында лизингтер мен несиенің пайыздық үстемеақысын біршама қысқарту көзделген.  

Биыл еліміздің диқандары 15 млн тонна астық бастырыпты. Жер өңдеумен айналысатын солтүстікқазақстандықтар 5 млн тонна ырыс дәнін жинай алды. Өстіп ел қамбасына құйылған бар бидайдың 30 пайызы қуаңшылықты бел жазбай табанды еңбекпен жеңе білген өңір агроқұрылымдарының үлесінде. Мал шаруашылығы әлеуетін дамыту бағдарламасының іске асу қарқыны да жаман емес. Шетелден мемлекетімізге жеткізілген асыл тұқымды зеңгі баба төлдерінің 3/1 облысымызда бағып күтілуде. Елбасының халыққа арнаған соңғы жолдауында білім беру саласына да үлкен мән берілген. Президент бірінші кезекте ұстаздардың біліктілігін заман талабына сай арттыруды тапсырды. Жылдың басты құжатында оқу үрдісіне үздік деген жобаларды кеңінен ендіру талабы да қойылған болатын.

Раиса Шер, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалар  құқығын қорғау комитетінің төрайымы:
– Жалпыға бірдей оқыту бағдарламасына 40-тан артық озық үлгідегі кешенді жаңашылдықтар енгізілді. Жаңа механизмдердің әдістемелік құралдары толықтай тексерістен өтті. Жаңа оқу жылында 146 мектеп қолданысқа берілді.
Алдағы екі жылда тағы 370 білім ошағы салынатын болады. Терең білім беретін 7 бірдей Назарбаев зияткерлік мектептері жұмысын бастады. «Балапан» бағдарламасы аясында мектепке дейінгі тәрбие беретін 4 мың нысан тұрғызылды.

Осылайша өңірімізге Елбасы жолдауын халыққа жеткізуге келген ақпараттық-насихат тобы құжаттағы бар басымдықтарға жеке-жеке тоқталып өтті. Бүгінге дейін жүктелген жұмыстардың орындалуын саралап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Жеңіс Ермұқанов