ТКШ

“Горгаз-сервис” серіктестігіне тұтынушылардың қарызы 27 млн теңгеге жетті

 

 

 

Айта-айта жауыр болған коммуналдық қарыз мәселесі шешілетін емес. Қазір тұрмысқа аса қажетті өнімді ұсынушы кәсіпорын борышты қайтарудың кешенді шараларын қолға алып жатыр. Басты назар   берешегін өтеуден қашқақтап жүргендерге аударылуда. Бүгінде “Горгаз-сервис” кәсіпорнының орталықтандырылған желісіне 55 мың тұтынушы қосылған. Оның 4,5 мыңы пайдаланған көгілдір отын құнын айлап төлемегендер. Біршамасының қарызы 100 мың теңгеден асып жығылады.

 Юрий Шишкин, “Горгаз-сервис” ЖШС директоры:
– Жалпы алып қарағанда соңғы екі айда көрсеткен қызметіміз далаға кеткендей болды. Ескертулеріміз елеусіз қалып жатыр. Жыл басынан 15 пәтерге газ жіберуді
тоқтаттық. Өзгелдері де сабасына түспесе орталық желіден ажыратылады. Бұған толық құқығымыз бар, мүмкіндігіміз де жетеді.  

Мүлдем борышын өтеуден жалтарып жүрген 305 абоненттің үстерінен серіктестік сотқа шағым түсіруге мәжбүр болған. Өтініштің 250-і қанағаттандырылды. Сот орындаушыларының қатысуымен 2 млн теңгеден астам қарыз өндіріліп алынды. Тағы 5 млн теңгенің шешімін жұрт жабуға асықпайтын көрінеді.

 Юрий Шишкин, “Горгаз-сервис” ЖШС директоры:
– Қалай болғанда да қарыз толығымен өтелуі тиіс. Жылжымалы мүліктеріне тыйым салынады. Құнды заттары тәркіленеді. Биыл үш адам берешегін төлемегендіктен шетелге шыға алмай қалды. Борышкерлер орталық жүйеге енгізіледі. Онда түскендері мүлкін сатып, техника не өзге де заттарын рәсімдей алмайды.  

Бүгінде кәсіпорынның дебиторлық қарызы 27 млн теңгені құрап отыр. Оның 99 пайызы жеке тұлғалардың мойнында. Бұл ретте заңды тұлғалар халыққа үлгі боларлықтай газ бағасын кестеден қалыспай өтеп тұрады екен. Жалпы азаматтар  есеп айырысу үшін облыс бойынша 548 нүкте қарастырылыпты.

Жеңіс Ермұқанов