Білім

Қазақша сөйлейміз



 

5 сыныптың оқушысы Евгений Зюзько облыстық байқауға Ақжар ауданының намысын қорғауға келген. Украин ұлтының өкілі мемлекеттік тілді білу – әрбір азаматтың парызы деп санайды.

 Евгений Зюзько, Дәуіт орта мектебінің оқушысы, Ақжар ауданы:
-Мен қазақ тілін ұнатамын. Өйткені Қазақстанда тұрған әр азамат қазақ тілін білуі керек. Мен қазақша еркін сөйлеймін.

Ольга Дәулетбаеваның ойы да осыған саяды. Сондықтан да ол қазақ мектебінде білім алуға бел буыпты. Талапты қыз мұндай байқауға алғаш рет қатысып отыр. Байқаудың 2-бөліміне Төлеген Айбергеновтың өлеңін жаттап келіпті.

 Ольга Дәулетбаева, Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат оқушысы:
-Төлеген Айбергеновтың «Ана» өлеңін  оқимын. Менің анам маған ең жақын адам. Мен оны өте жақсы көремін. Осы тақпақта ананы қалай сүю керек екендігі көрсетілген

«Мен және сен қазақша сөйлейміз» байқауы өңірімізде 2-ші жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Биыл бұл сында бағын сынау үшін 13 ұлттың өкілі келіпті. Оларға қойылатын негізгі талап – мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, қазақ халқының мәдениетін білу. Сайыс 3 бөлімнен тұрды

 Әсем Сүлейменова, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім бастығы:
-Біріншісі биылғы жылы атаулы оқиғамыз – ол мемлекеттік рәміздерге 20 жыл. Екінші номинация бойынша «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» және 3-номинация бойынша «Білгенге – маржан». Осы 3 турда өз өнерлерін көрсете отырып, бұл байқау бойынша жеңімпаз атанғандар бағалы сыйлықтар және дипломдармен марапатталатын болады.

Бүгінгі сайысқа өз мүмкіндіктерін сынағалы келгендердің тілі бөлек болса да, тілегі бір. Олардың барлығы мемлекеттік тілдің көсегесінің көгергенін қалайды.

Айдана Демесінова