Денсаулық сақтау

Салидат Қайырбекова облыс орталығындағы емдеу мекемелерін аралады

 

 

Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова өңірдегі медициналық мекемелермен танысуын кардиологиялық орталықтан бастады. Бұл нысан 2009 жылы 205 адамға шақталып ашылған. Орталық мамандары денсаулық сақтау министріне әрбір бөлімшенің материалдық жағдайын көрсетті. Бүгінге дейін хирургтар мыңнан астам адамның өміріне араша түскен. Мұнда барлығы 360 қызметкер жұмыс істейді, соның 54-і дәрігерлер. Ақ халаттылар биыл жүрекке 501 ота жасадық дейді. Бұдан кейін Салидат Қайырбекова отадан кейін сауығып жатқан науқастармен  амандасып, хал-жағдайларын сұрастырды. Қала тұрғыны Сәрсенбай Қасымов білікті мамандардың араласуының арқасында аяғымнан тік тұрдым деп ризашылығын білдірді.
Салидат Қайырбекова орталық жұмысына оң бағасын беріп, алдағы уақытта осы қарқыннан таймай, адамдарды сапалы емдеуді тапсырды.

  Салидат Қайырбекова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

-Мұнда тың технологиялар барынша игерілуде. Жүрек ұстамасынан кенет қайтыс болу көрсеткіші екі есеге азайған. Бұл орталықтың тұрғындарды емдеуде маңызы ерекше. Жалпы, медицина саласына құйылатын қаржы жыл сайын артуда. Мысалы, мұндағы бір адамды емдеу үшін мемлекет есебінен шамамен 2 млн теңге жұмсалады.

Кездесу соңында кардиохирургиялық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Бейбіт Мұстафина бірқатар жаңа мониторлар мен тыныс алу аппаратының қажеттігін айтып қалды.
Министр балалар үйіндегі жағдаймен де танысты. Мұнда қазір 4 жасқа дейінгі 60 шақты бала бар екен. Бөбектер қонақтарға өлең оқып берді.
Ертең Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова елді мекендерді аралап, ауылдағы медициналық қызметтің сапасын байқамақ.

Данаш Хамзина