Білім

Петропавлда мұғалімдердің халықаралық конференциясы өтті

 

 

 «Еліміздің болашағы жастардың қолында, ал жастардың тағдыры – ұстаздардың қолында» деп Елбасымыз оқытушылар алдында зор міндет қойған болатын. Ұрпаққа сапалы білім беру бағытында атқарылып жатқан істер аз емес. Мұғалімдердің біліктілігіне баса назар аударылып, түрлі оқу курстары ұйымдастырылуда. Бүгін тәлім берушілер облыс орталығында өтіп жатқан халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда бас қосып отыр.

 Ақмарал Ілиясова, СҚО бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісінің міндетін атқарушы:
-Біліктілік арттыру жүйесі, білім беру басқару органдары, білім беру ұйымдары өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс
істеген жағдайда ғана оң нәтиже береді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші осы білім саласындағы қызметкерлер бірлесе істеген жұмыстың арқасында педагогтардың және басшы кадрлардың құзыреттілігін дамыту ісінде үлкен жетістіктерге жетеміз.

Конференция 2 бөлімнен тұрды: пленарлық және секция отырыстары. Шараға келген мұғалімдер бір-бірімен тәжірибе алмасып, білім беру жүйесінде жаңа технологияларды тиімді пайдалану жолдары жайлы талқылады.

 Майраш Әубәкірова,Чапаев негізгі мектебі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
-Бүгінгі өтіп жатқан халықаралық конференция өте маңызды деп ойлаймын. Өйткені тақырыбында жаңа педагогокалық  технологиялар мен инновацияларды мектепке қалай енгізу туралы кеңес жүріп жатыр. Мектепке жаңа технологияларды, инновацияларды кіргізуіміз керек.

Конференцияға өзге өңірлердің де білім беру саласының өкілдері қатысты. Олар өздерінің баяндамаларын оқып, тәжірибелерін ортаға салды.

 Еркін Исимбаев, Ақмола облысы бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институтының директоры:
-Баяндамам мектеп басшыларының, менеджментті жаңа салада, жаңа деңгейде көрсету керек, қандай өзгерістер болып жатыр соны мен бүгін жеткіземін. Ұстаздарға, тыңдаушыларға Ақмола облысында істеліп жатқан жұмысымызды, біздің жаңашылдықтарды жеткіземін деп ойлап тұрмын.  

Сондай-ақ жиын барысында конференцияға қатысушылар онлайн режимде канадалық, омбылық және қостанайлық әріптестерімен тәжірибе алмасуды көздеп отыр.

Айдана Демесінова