Қоғам

Облыс орталығында “Таза аула, таза үй” акциясы басталды

 

 

 

 Абай көшесі, 30 мекенжайындағы аулаға адам қолының көптен тимегенін байқау қиын емес. Сондықтан қалалық “Жасыл ел” жасағы орамды абаттандыруға белді бекем буыпты. Белсенді жастар  балалар алаңқайын қалпына келтіруде. Біреулері өңі кеткен әткеншектерді сырлауға кірісті. Енді бірі сыпырғыш, тырма, қапшықпен қаруланып қураған бұтақ, шөп толып қалған аумақты қоқыстан тазартып жатыр.

 Ақан Дайыркен, “Жасыл ел” ЖБ белсендісі:
қаз. “Жасыл ел” бағдарламасы тек Петропавлды ғана емес, бүкіл Қазақстанды қамтып отырғаны қуантады. Осының бәрі жастар үшін, қаланың тазалығы үшін өте маңызды.  

Аулаға қарасты екі көпқабатты тұрғын үйдің иелері жастардың бастамасына дән риза. Биыл бұл баспана “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасына еніпті. Қазір шатыр мен жертөле күрделі жөнделуде. Сондай-ақ жеделсаты жаңартылып, жылу есептегіш құрал орнатылып жатыр. Жоба құны 35 млн теңге. Шаруа бастан асады. Сондықтан да үй тұрғындарының аула тазалығына көңіл бөлуге уақыттары болмаған сыңайлы.

 Рабия Ғұмырова, “Рубин” өндірістік кооперативінің төрайымы:
– Осыны істеуге уақыт табылмай жатады. КСК-ң ақшасы да жетпейді. Басқарып жүргендердің істеп жатқаны өте дұрыс. Өйткені студенттер оқып жүріп еңбек етуге үйреніп жатыр, бізге де үлкен жәрдем болды.  

Игі шаруаға 40-қа жуық адам жұмылдырылған. Қоғамдық шараға тартылған студенттер аз да болса тиын-тебен табу мүмкіндігіне ие болыпты.

 Асхат Ғұмыров, “Жасыл ел” ЖБ жобалар менеджері:
– Алда тағы 15-20 шақты ауланы абаттандыру көзделген. Біз 100 адамды маусымдық жұмыспен қамтыдық. Жастардың ынтасы да жақсы, біз бастамамызды аяқсыз қалдырмауға тырысамыз.  

Студенттер бірінші кезекте ҰОС ардагерлерінің орамдарын қалпына келтіретін болады.

Жеңіс Ермұқанов