Қазанның 18-і – Рухани келісім күні

Қоғам

14:17 17 Қазан 2012

Ақпараттық-насихат тобымен кездесуге келгендердің дені – кейінгі толқын өкілдері. Бұл тегін емес. Өйткені жастық шақта адамның рухани тұлғасы қалыптасады. Жастардың ел болашағы екенін ескере отыра, олардың тәрбиесін мықтап қолға алып, оң жолға қойғанымыз абзал. Сондықтан да ҚР Дін істері жөніндегі агенттігі жанынан құрылған ақпараттық-насихат тобы еліміздің түкпір-түкпірін аралап, студенттердің діни сауатын арттыру үшін қолынан келгенін жасауда.

 Балтабай Мекежанов, ҚР Дін істері жөніндегі агенттігі басқармасының бастығы:
-Жастардың, халықтың көбі діннен тиісті білім алмайынша, діни ахуалды сауықтыру мүмкін емес.
Діни ахуалды сауықтыру не үшін керек? Бұл да мемлекеттік саясаттың бір талабы. Өйткені елімізде тұрақтылық, бейбітшілік болмай біздің қойған асыл мақсаттарымыз, 50 дамыған елдің қатарына қосыламыз деген Елбасының үндеулерінің жүзеге асуы қиын болуы мүмкін.

Бүгінгі таңда әлемдік діндердің атын жамылып, талай жанның санасын улап жатқандар аз емес. Ислам дінін лаңкестік әрекеттермен байланыстырып, адамдарды алдап-арбап жүргендер де аз емес. Жиында «Науан хазірет» мешітінің наиб имамы нақты дәлелдер келтіріп, Ислам діні бейбіт өмірді, татулықты, яғни тек игі істерді қолдайтындығын айтты

Қанат Алшынбаев, «Науан хазірет» мешітінің наиб имамы, Ақмола облысы:
-Алла тағала өзі айтады 1 адамды өлтіру – бүкіл адамзатты өлтірумен тең дейді.
Бір адамды өлімнен алып қалу- ол бүкіл адамзатты құтқарғанмен бірдей дейді. Ал пайғамбарымыздың с.ғ.с., сөзіне келетін болсақ, пайғамбарымыз былай айтады: кім де кім муаһатты өлтіретін болса, муаһат дегеніміз мұсылмандармен келісімде болған, мұсылман емес адамды өлтіретін болса, мен онымен ешқандай ісім жоқ қияметте дейді.

Жүрегі имандылыққа толы, діни сауаты мол ұрпақ қана істің ақ-қарасын айыра біліп, ізгі жолдан таймайды. Сондықтан да осындай танымдық кездесулердің маңызы зор.

 Гүлшат Дәрменова, Петропавл құрылыс- экономика  колледжінің студенті:
-Бұл шара бізге өте пайдалы деп ойлаймын.
Әрбір адам өз дінін сақтай біліп, оны құрметтей білуі керек екенін түсінеміз. Осындай шаралар көп өткізілсе, мүмкін болып жатқан жамандықтар, жастардың жаман істері болмайды деп ойлаймын.  

Қонақтардың әңгімесін мұқият тыңдаған жастар көкейдегі сауалдарын жолдады

Айдана Демесінова