Білім

«ЛОРД» мектеп-лицейі ұстаздары мен шәкірттерінің жетістіктері

 

Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Рахат Әзімбаева “Үздік авторлық бағдарлама” республикалық байқауына қатысып, екінші орынды жеңіп алды.

 

 

 

Рахат Әзімбаева республикалық байқауға қатысқан 120 оқытушының ішінен топ жарып, өзінің еңбегін абыроймен қорғап қайтқан өңірден жалғыз мұғалім. Қазақ тілін 20 жыл бойы үйретіп келе жатқан ұстаз тілді меңгертудің оңай жолын ұсынған. Мәселе өзекті, жұмыс тақырыбы “Тілдік тұлға қалыптастыру” деп аталады. Бұл әдіс іс жүзінде тексерілген. Яғни, Рахат Әзімбаева жазғы уақытта лингвистикалық лагерь құрып, 60 балаға 40 сағат сабақ өткізіпті. Мұғалім оқушылардың сөздік қоры 10 күннің ішінде 300 сөзге жетті дейді. Енді, тәжірибелі ұстаз еңбегін әрі қарай жетілдірмекші.
Сондай-ақ, республикалық байқауда ЛОРД мектебіндегі бастауыш сынып мұғалімі Маргарита Грушина мен психолог Елена Симонова бірлесіп  “Көркемөнер шеберлігінің негіздері психология элементтерімен” деген зерттеу жұмысын қорғап, байқау лауреаттары атаныпты.
Ал, 11-сынып оқушысы Михаил Шмурыгиннің жетістігі – халықаралық байқауда алған 3-ші орын. Бозбала “Информатика” пәні бойынша жұмыс жазыпты. 2 жыл зерттеп, көлік жүргізішулеріне көмек болатын жүйе ойлап тапқан.

Михаил Шмурыгин, ЛОРД мектеп-лицейінің оқушысы, халықаралық байқау жүлдегері:

– Қолында смартфон үлгідегі ұялы телефоны бар кез-келген жүргізуші осы бағдарламаны орнатып алуына болады. Бұл қосымша көлік рөліндегі адамға алда көрінбей тұрған немесе жүргізуші ұмытып қалған жол белгілерін анықтап тұрады. Осылайша жол қауіпсіздігін арттыруға болады.

Михаил Шмурыгиннің жеңісі алдағы уақытта жоғары оқу орнына түсуге үлкен жеңілдік болмақ. Ол өз болашағын ақпараттану саласымен байланыстырмақшы.

Данаш Хамзина