Аптадағы маңызды жаңалықтар

Коммуналдық қызмет құнын өтемегендерге қандай шаралар қолданылып жатыр?


 

 

“СевКазЭнергосбыт” серіктестігі солтүстікқазақстандықтарды аса қажетті жылу және электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етіп тұрады. Алайда суық күндерді жылыда, қараңғыны жарықта өткізетін халық маңызды қызметті тиісінше бағаламай отыр. Дебиторлық қарыздың барлығы дерлік тұрғындардікі. Заңды тұлғалар бұл ретте төлемді өтеу мерзімін бұзбауға тырысады.

Мағауия Сағындықов, “СевКазЭнергосбыт” ЖШС директоры:
– Қалалықтар электр энергиясына – 55, жылуға 71 млн теңге қарыз.
Ауылдықтардың борышы 24 млн теңге. Облыс тұрғындары ғана 150 млн теңгенің қызметін төлеген жоқ. Бұл қаржы қызметіміздің сапасын жақсартып, желілерді жаңартуға жұмсалуы керек еді. Осының кесірі алдымен өздеріне тиюі мүмкін. Жарықтан, мүмкіндік болса жылудан ажыратамыз. Қазір орталық желіге қосылған 6 жер үй жылусыз отыр.

Кейбірінің пайдаланған қызмет құнын ескермеуге еті үйреніп алған. Сан мәрте ескертулерге құлақ аспайды. Араларында жылдап  тұтынған қызметтің бағасы жарты млн. теңгеден асып кеткендер де бар. Бүгінде ондайлардың үлесі борышкерлердің бір пайызын құрап отыр. Сондықтан энергетиктер бұндай әділетсіздікпен сот арқылы күресуге мәжбүр.

Юлия Башкатова, СҚО сот актілерін орындау департаментінің Петропавл қ. №2 аумақтық бөлімінің сот орындаушысы:
– Бүгінде бізге “СевКазЭнергосбыт” кәсіпорынынан 53,7 млн теңгенің қарызын өтеу жөнінде 3184 өтініш түсті.
Оның 1700 қаралды. 1200 сот актісі орындалып, берешек қайтарылды. Шешімді елемегендердің мүлкіне тыйым салынып, бағалы заттары тәркіленеді.

Бүгінде қарызға белшесінен батқан бір тұтынушы пәтерінен айрылды. Баспанасын саудаға қою арқылы борыш толығымен өндіріліп алыныпты. Жалпы бұған жеткізбеймін деген жандарға есеп айырысатын пункттер жұмыс істейді. Төлемді халық көптеп шоғырланған жерлердегі терминалдар, не кез-келген екінші деңгейлі қаржы институты арқылы аударуға болады.

Сәбит Шүкенов, тұтынушы:
-Жылу мен жарықты пайдаланғасын кешіктірмей кестеге сай төлеуге тырысамын.
Кейін жиналып қалса өтеу қиындап кетеді. Сондықтан қарызым жоқ.

Жыл соңына дейін тұтынушыларға заманауи қызмет көрсететін жаңа сервистік орталық ашылады. Нысан электонды жүйемен жарақтандырылмақ.

Жеңіс Ермұқанов