Құқық қорғау органдары

Жол-көлік оқиғасында жас жігіт қаза тапты



 

 Адам өмірін қиған жол апаты Жамбыл және Чайковский көшелерінің қиылысында қазанның 13-і күні түнгі сағат 3-те орын алды. Қыз баланы үйіне шығарып салып келе жатқан жігіттің жолы болмады. Бағдаршамның жасыл түсіне көшені қиып өтпекші болғанда, оны машина қағып кеткен. Сұмдық оқиғаны такси жүргізушісі мен қыз бала көріп қалған. Куәгерлер көліктің түсінің ақ екенін байқаған. Жол полициясының қызметкерлері қашып кеткен жүргізушіні іздеуге кірісті. Оқиға орнынан алыс емес жерде орналасқан «Бегемот» дүкенінің бейнебақылау камерасына әлгі қашқын мінген көлік түсіп қалыпты. Оның үстіне оқиға орнында табылған көліктің бөлшегі айыпталушының ізіне түсуге септесті. Осылайша полицейлер автомобильдің Францияда жасалғанын анықтады.

Юрий Никонов, СҚО ІІД ЖПБ іздеу бөлімінің аға инспекторы:

ұл «Рено» автомашинасы болып шықты. Біздің облыста мұндай 200-дей көлік тіркеуде тұр. Көліктерді тексеру барысында жүргізушіні анықтадық. Ол Петропавл қаласының тұрғыны болып шықты.  

39 жастағы Петропавл тұрғынының вагон депосында жұмыс жасайтыны белгілі болды. Ол кінәсін толық мойындап отыр. Сезікті машинасын теміржол вокзалы ауданында орналасқан өзінің гаражына жасырған.

  Көлік жүргізушісі:

– Мен барлық Петропавл халқының алдында кешірім сұраймын. Менің жүрегім сыздап барады. Мен мұндай сұмдыққа бірінші рет тап болдым. Киров көшесімен келе жатқанмын. Жылдамдығым да артық болған жоқ, сағатына 50 км. Адамның басын кеш аңғарып қалдым. Байқамай қағып кеттім. Қатты қорқып қалдым.

Қазіргі кезде ер адам Петропавл қалалық ІІБ-ның уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Бұл факті бойынша қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Айыпталушы үш жылға дейін көлік жүргізу құқығынан және бес жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Дана Ғизатова