Бизнес және экономика

Өңірдің 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары

 

Аймақта өнеркәсіп өндірісі дамуда. Өткен жылмен салыстырсақ, нәтиже жаман емес. 9 айдың қорытындысына сай өңіріміз республика бойынша 5-ші орынға тұрақтаған. Ал былтыр 8-орын болатын. Жыл басынан 84 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі шығарылған. Өндіріс көлемі де біршама артып отыр. Әсіресе, ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.

Гүлзиян Ізбасова, СҚО бойынша статистика департаменті бастығының орынбасары:
Өңірімізде 167 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі шығарылды. Өндірістің басты көлемі өсімдік өсіру саласына келіп отыр. Оның үлесі 65,4 пайыз.

Құрылыс саласында да айтарлықтай өзгерістер бар. 9 ай ішінде 14 млрд теңгенің жұмысы еңсерілген. Оның 24 пайызы жолдарды салып, қалпына келтіруге бөлініп отыр. Сондай-ақ өңірімізде 38 426 шаршы метр тұрғын үй тапсырылыпты. Бұл көрсеткіш бойынша Қызылжар ауданы көш басында. Негізгі капиталға қаражат құюда да оң өзгерістер байқалады дейді мамандар.

Гүлзиян Ізбасова, СҚО бойынша статистика департаменті бастығының орынбасары:
Инвестициялардың негізгі капиталы 57,7 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімінен 1,4 есеге артық. Инвестиция салудағы басты салалар балық және ауыл шаруашылығы болып отыр. Олардың үлесінде 52 пайыз.

Солтүстікқазақстандықтардың жалақысы да біршама артқан. 9 ай ішінде 18,5 пайызға өсіп, 67 611 теңгеге жетіп отыр. Ең жоғары айлық мөлшері әлі де қаржы саласы мен сақтандыру қызметінің мамандарында. 105 мың теңге шамасында. Аймақта тауарлар мен қызмет көрсету бағасы артып отыр.

Гүлзиян Ізбасова, СҚО бойынша статистика департаменті бастығының орынбасары:
Азық-түлік тауарлары 3,8 пайызға артты. Ақылы қызмет көрсету құны 4,3 пайызға көтеріліп отыр. Бағалардың айтарлықтай өскені байқалады.

Өңірімізде 580 мың адам тұрады. Оның 59 пайызы – ауылдарда. Балалардың туу көрсеткіші де артып отыр. 9 ай ішінде 5 840 сәби дүниеге келді. Қыздарға қарағанда, ұлдардың саны артық. Сондай-ақ жыл басынан 3 202 жас шаңырақ құрып, 1 313 жанұя ажырасқан.

Инеш Шоқақова