Құқық қорғау органдары

Екі полицей сот алдында жауап беруде

 

Еске сала кетейік, қоғамды дүр сілкіндірген оқиға былтырғы жылдың басында тіркелген. 28-ші қаңтарда Есіл ауданының Ясновка орта мектебінде компьютер жоғалған. Тәртіп сақшыларының күдігі бірден осы білім ошағында зертханашы болып істейтін Иван Рожновқа түскен. Ол кінәсін мойындаудан бас тартқан. Жігіттің айтуынша, тәртіп сақшылары ноутбукты қолды еткен сен деп соққыға жыққан

Тергеушілердің қаһарынан қорыққан жігіт оңтайлы сәтті пайдаланып, көліктен сытылып шығып, ай далаға қаша жөнелген. Қашып жүріп, қақаған қыстың аязында екі аяғын үсітіп алған. Өстіп ауруханадан мүгедектер арбасына таңылып шықты. Қылмысқа қатыстығы ақыры дәлелденбей, Иван ақталды. Қолды етілген компьютер әлі табылған жоқ. Қылмыстық қудалау доғарылғанымен жазықсыз жапа шекті. Жарымжан болып қалған Иванның туыстары енді кінәлілер тиісті жазасын алсын деп отыр.

 Елена Филонова, Иванның анасы:
– Полицейлердің жасаған бассыздығын қалай түсіндіруге болады. Біздің тыныштығымызды күзетудің орнына тәртіпсіздіктерін танытты. Енді кімге сенеміз. Балам 20 жасында екі аяқсыз кімге керек. Бұған кінәлілер заңның бар қаталдығымен жауап бергендерін қалаймыз. Үкімет протез салып берді. Өте ыңғайсыз жүрмек түгіл, өздігінен бір орында тұра алмайды, аяғын қажайды.  

Ыңғайлысы 2 мың еуро тұрады. Бұны ауылда тұратын Рожновтардың қалтасы көтермейді. Иван оған қоса полиция қызметкерлерінен 2 млн теңгенің моралдық шығынын өтеуді талап етіп отыр. Ол үшін тәртіп сақшыларының тәртіпсіздігін дәлелдеу керек. Есіл аудандық ІІБ криминалдық полиция бөлімінің бұрынғы бастығы мен жедел уәкілге қатысты қозғалған қылмыстық іс 6 томды құрап отыр. Оқиғаның анық-қанығын тексеруде 90-ға тарта куәгер тергелді. Сезіктілер қызметтік бабын асыра пайдаланды деп айыптауда. Алғашқы сот отырысында қос күдікті кінәміз жоқ деп ақталумен болды.

 Иван Рожнов, жапа шегуші:
-Жабылған жалаға менің мүлдем қатысым жоқ деп айттым. Өз сөзімде тұрып әңгімеміз жараспағасын олар мені ұрып- соға бастады. Айтқанымнан қайтпасам қол көтерулері жалғасатынын танытты. Менің шыдамым таусылып, есімнен айрыла бастағасын айтқандарына көндім. Мәжбүрлі түрде кінәні мойындап алдауыма тура келді. Кейін көлікке отырғызып алды.  

Жеңіс Ермұқанов