Спорт

Жас велошабандоздар жарысы басталды



 

Маутингбайк – вело жарыстың ең тартысты түрлерінің бірі. Жарыс жолы әдеттегідей тегіс асфальт емес. Ойлы, шұңқырлы, өсімдікке толы орман ішімен мәреге бірінші болып жол табу керек. Кіші топта бұл сынды мүдірмей шыдамдылық пен жылдамдық, қырағылық пен шеберлік  таныта білген Никита Фрейберг барлық қарсыласын басып озды.

Никита Фрейберг, велошабандоз:
Сөреге шыққанда қобалжып қалдым. Жарыс басталғанда күш жігерімді жия білдім. Екі жылдық тынымсыз жаттығуларым зая кетпегеніне қуаныштымын.  

Маутинбайк жарысы шынымен де көз тартады. Жас та болса шайтанарбашылардың додасын қызықтауға келген жанкүйерлер аз болмады. Сергей Гераськинді жанұясы түгелімен қолдауға келіпті. Әкесі Михаил ұлының оңай емес сында ер мінез танытқанын көріп бір марқайып қалды. Сергей жарысты үшінші болып аяқтады.

Михаил Гераськин:
Біз ұлымыздың бір де бір жарысын қалдырып көрген жоқпыз. Сережаға жақындарының қолдауы керек екенін жақсы түсінеміз. Әр ата-ана кішкентайының қасында болып, демеу жасағаны өте маңызды.

Сергей Гераськин:
Көрсеткішіме көңілім толды. Отбасым жанымда болғанда намысты қолдан бермеуге тырысасың. Алда да бірге үлкен жеңістерге жететініме сенімдімін.  

Келесі болып сөреге 12-13 жастағы велошабандоздар шықты. Соңғы лекте 14 жастағы жасөспірімдер бақтары мен баптарын байқап көрді. Жарыс маусымын тұйықтайтын сайыс спортшылардың осы уақытта жиған шеберліктерін тексеретін емтихан сынды. Жарыстан сүрінбегендер өңір құрамасының сапына қабылданатын болады.

Владимир Парахин,  велоспорттан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:
Спорт мектебіміздің барлық тәрбиеленушілері қатысып жатыр. Бәсекелестік мықты. Араларында халықаралық жарыстардың жеңімпаздары да бар. Облыс құрамына кіру оңай болмайды. Бәріне қойылатын талап бір. Мықтылардың ішінен ең жүйріктерін таңдаймыз.  

Сайыскерлерге бұған лайық екендіктерін әлі үш кезең бойы дәлелдеу керек.

Жеңіс Ермұқанов