ТКШ

Су берушілер борышкерлермен күрес жүргізуде

 

 

 

Қазір облыста коммуналдық қызмет қарызын жинау жұмыстары кешенді түрде жүргізіліп жатыр. Басты назар борышты өтеуден қашқақтап жүргендерге аударылуда. Бүгінде “Қызылжар су” кәсіпорнының өнімін 66 мың адам тұтынады. Оның 964-ті пайдаланған тіршілік көзінің құнын айлап төлемегендер. Біршамасының қарызы 100 мың теңге жетіпті.

Арман Саутов, «Қызылжар су» ЖШС бас директорының орынбасары:
– Көбіне су үлестіргіш желілер көпқабатты үйге ортақ. Сондықтан жекелеген пәтерді қызметтен ажырату мүмкін болмай отыр. Су келіп тұрғасын төлеуге асықпайды.

Мүлдем борышының орнын толтыруға жалтарып жүргендерді сотқа жүгіну арқылы ғана сабасына түсіруге болатын көрінеді. Қарыздың 70 пайызы соттың араласуымен қайтарылады екен.

Арман Саутов, «Қызылжар су» ЖШС бас директорының орынбасары:
-2012 жылдың басынан 732 шағым түсірдік. 624-і қанағаттандырылды. Бүгінде 132 іс бойынша 1,2 млн теңге қайтарылды.  

Әлі де тұтынушылар берешегін жабуға асықпайды. Бүгінде кәсіпорынның дебиторлық қарызы 8,5 млн теңгені құрап отыр. Оның 5,2 млн теңгесі қалалықтардың үлесінде. Өзгесін заңды тұлғалар төлемепті. Жеке сектор тұрғындары өзгелерге үлгі боларлықтай, судың бағасын кестеге сай өтеп тұрады. Жалпы азаматтар үшін ақшаны кез-келген екінші деңгейлі банк арқылы немесе 6 бірдей пункттен аударуға жағдай жасалған.

Жеңіс Ермұқанов