Спорт

Шахматшылар жарысы



Жарымжандар арасындағы тартысты дода шахмат және дойбыдан  1997 жылдан бері ұйымдастырылып келеді екен. Николай Толстых І топтағы мүгедек. Ол жыл сайын өтетін жарысты қалт жіберіп көрген емес. Егде жасына қарамастан дойбы ойнаудан алдына жан салмайды. Қарияның бұл жолғы қарсыласы жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сергей Харламов.

Николай Толстых, І топтағы мүгедек:
Мен 70 жылдары әр түрлі қалаларда өткен жарыстарға қатысып жүрдім. Ол кезде көзім көретін. Ал, қазір көру қабілетім нашарлай түскен соң осында келіп, өз қатарластарыммен дойбы ойнап тұрамын. Кезінде облыстың 8 дүркін чемпионы да болып ем.  

Қалалық турнирде желаяқ Софья Сұлтанова да болды. Ол шахмат және дойбы ойнаумен мектеп қабырғасынан таныс екен. Былтырғы сайыста жақсы нәтиже көрсетіп едім, бұл жолы бағым жанса бас жүлдеден дәмелімін дейді ол.

Софья Султанова, ІІ топтағы мүгедек:
Мен шахмат пен бірге дойбы, тоғызқұмалақты білемін. Бұл ойындарды баяғыдан ойнап келемін. Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерім жоқ. Кезінде 60-70 жылдары шахматтан чемпион да болдым. Зейнетке шыққан соң жеңілатлетикадан жарыстарға қатысып жүрдім. Негізінде нәзік жандардың арасында шахмат жақсы дами қоймаған.

Жарыс соңында спортшылар халықаралық дәрежедегі спортшы, жеңілатлетші Сергей Харламов және оның жаттықтырушысы Вячеслав Латышевпен кездесті. Өздерін толғандырып жүрген сауалдарын да қойды. Қалалық турнирдің қорытындысы бойынша шахмат және дойбыдан ерлер арасында Ораш Сейтмағанбетов және Сергей Харламов бас жүлдеге ие болса, ал нәзік жандардың ішінде Айнагүл Ташеноваға тең келер қарсылас табылмады.

 Гүлбану Ахметова