Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірдің үздік тауар өндірушілері марапатталды



 

 

Бұл байқауға 40-тан аса өнеркәсіп орындары мен жеке кәсіпкерлер қатысты. Зауыттықтар өндіріске қажет тауар ұсынған, қалалық табыскерлер шарап түрлері мен тәтті-тағамдар, ал ауылда өз ісін дөңгелетіп отырған іскерлер нан мен сүт өнімдерін шығарған. Жиынды ашқан облыс әкімі Серік Біләлов мұндай шаралардың бизнесмендердің кәсібін дамытуға серпін беретінін айтты.
Жеңімпаздар “Үздік өндірістік мақсаттағы тауар”, “Үздік тұрғындарға арналған тауар” және “Үздік азық-түлік тауары” аталымдары бойынша анықталды. Байқауда топ жарған табыскерлердің әрбіреуін өңір басшысы Серік Біләлов диплом және медальмен марапаттады.  “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” қуаттылығы 80 тоннаға дейін жететін жүк көтергіш құрылғыны ұсыныпты. Өнім бүгінде көпшілік тарапынан жоғары бағалануда. Мұндай озық техника жасаған зауыттықтарға 1-ші дәрежелі диплом табыс етілді.

Қуаныш Бишімов, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ бас директоры:

-Бұл машина мұнай өндірушілер арасында жоғары сұранысқа ие. Қазір аталған қондырғы Батыс Қазақстан аумағында ұңғыларды жөндеу барысында тек жақсы қырынан танылып отыр. Алдағы уақытта бұл машинаның санын көбейтпекпіз.

Киров атындағы зауыт пен “Тортуманов и К” ЖШС  де бірінші орынға ие болғандардың қатарында. Орын алмаса да, өнімі жақсы бағаланған кәсіпкерлерге де қосымша дипломдар табыс етілді. Аймақ басшысы өңір намысын Елордада қорғайтын іскерлерге сәт-сапар тіледі.

Данаш Хамзина