ТКШ

Коммуналдық қызметтер қысқа әзір


 

“Коммунстройсервис” ЖШС дайындықты техника қорын жаңартудан бастаған. Биыл 10 млн теңгенің көлігін алыпты. Соның бірі МКСМ-800 маркілі, күнделікті қолданыста “Барсик” деп аталатын қар жинайтын машина.

Андрей Айдаков, “Коммунстройсервис” ЖШС атқарушы директоры:

– Енді, мына техниканың көмегімен көшені қардан тазарту оңайға соқпақ. Өзі шағын, онымен жұмыс істеу ыңғайлы. Мысалға, ағаш маңы мен басқа да тар жерлерде “Барсикті” пайдаланатын боламыз.

Бүгінде аталған кәсіпорында барлығы 21 техника жұмыс істейді. Мұнда, сондай-ақ, тайғақта көшеге себу үшін бір төбе тұз аралас құм қоры әзір тұр. Жоспар бойынша қала аумағы 4 үлкен бөлікке бөлінген. Яғни әрбір кәсіпорын өзіне бекітілген жерге жауапты болады. Бұл істі бас мердігер “Благоустройство-Север” серіктестігі реттеп отырмақ.

Геннадий Иванов, “Благоустройство-Север” ЖШС директоры:

– Бізде қыста қар жинауға 17 машина шығады. 700 текше метр құм мен тұз қоспасы бар. Барлық техника жұмысқа жарамды. Біз Теміржол маңы алаңы мен Сәтпаев, Абай, Батыр Баян көшелерін жинаймыз.

Қыс уақытында қала көшелерін қалыпта ұстау 7 кәсіпорынның мойнында. Қар түсе қалған жағдайда жұмысшылар тұлпарларын оталдырып, бірден облыс орталығын тазалауға шығады.

 Данаш Хамзина