Қоғам

“Әділет кеңес береді”

 

 

 

Бүгін «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына келгендердің қатары қалың. Өйткені олардың нұротандықтар мен әділет департаментінің қызметкерлеріне қоятын сауалдары аз емес. Шараның көздегені де осы – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру.

Қайрат Пішенбаев, «Нұр Отан» ХДП СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:
-Баспасөз мәслихаты сіздерді ақпараттандыру үшін өткізіліп отыр. Осы кездесуден кейін әділет департаментінің қызметкерлері мен «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының өкілдері азаматтарды қабылдайды.

«Әділет кеңес береді» акциясы ағымдағы жылы осымен 2-ші рет ұйымдастырылып отыр. Мамандарға қойылатын сұрақтар сан алуан. Жерлестерімізді көбіне жылжымайтын мүлікті, азаматтық хал актілерін тіркеу, өз ісін ашу сияқты мәселелер толғандырады екен. Енгізіліп жатқан жаңашылдықтар да тұрғындар арасында зор қызығушылық тудыруда.

Ернар Сейдімбеков, СҚО әділет департаментінің бастығы:
-Жаңашылдықтардың бірі – электрондық үкімет порталы арқылы азаматтық хал актілерін тіркеу. Бұл жастардың кез-келген жерден өтініш білдіру мүмкіндігіне жол ашты. Электрондық үкімет арқылы жасалатын жұмыстар жайлы сұрақтар көп түсіп жатады.

Көкейіндегі сауалдарын арнайы мамандарға жолдап келгендердің қатарында Шыңғыс Жылқыбаев та бар. Студент М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде заңгер мамандығын меңгеруде. «Неліктен Қазақстан Республикасында бакалавр жүйесі бойынша білім алған заңгерлер адвокаттық және нотариустық қызмет атқара алады, егер шетелдерде бұған тыйым салынса?» деген сұрақтың жауабын білуге келген екен.

 Шыңғыс Жылқыбаев, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
-Маған бакалавр дәрежесіндегі заңгерлердің мұндай қызметпен айналыса алмайтындығы жайлы айтты. Адвокаттық немесе нотариустың қызметімен айналысамын деген заңгердің магистр дәрежесі болуы тиіс екен.

Әділет департаментінің мамандары мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының өкілдері кешкі сағат 18.00-ге дейін азаматтарды қабылдады.

Айдана Демесінова