Аптадағы маңызды жаңалықтар

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің мерейтойы

 

 

Білім ошағының тарихы 1937 жылдан бастау алады. Дәл осы кезден оқу орнының материалдық-техникалық базасы, білім саласындағы жеке жетістіктері, мықты оқытушылар құрамы мен дарынды студенттері қалыптасты. Содан бері 75 жыл өтті. Аз уақыт емес. Осы аралықта университет талай биіктен көрінді. Түлектері елімізде және халықаралық кеңістікте жемісті еңбек атқарып келеді. Жыл сайын ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға 120 млн теңге бағытталады.

Оңдасын Әшімов, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры:
– Оқу орнын 40 мыңнан астам маман бітіріп, көпшілігі өндіріс пен білім саласының жетекшілері атанды. Өнер мен мәдениет қайраткерлері, ірі ғалымдар болып қалыптасты.  Баршаңызды осы мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын.

Өңірдегі алғашқы және жалғыз ЖОО -н мерейтойымен облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады. Өңір жетекшісі университеттің экономика, мәдениет, білім, спорт сынды түрлі салалардың дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқандығын атап өтті.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Білім ошағында жастарға білім беру үшін қолайлы жағдай жасалуда. Оның түлектері еліміздің даму жолында қызмет атқаруда. Бұл Елбасының білім саласына ерекше көңіл бөлуінің арқасында.

Университет қабырғасында студенттерді білім нәрімен сусындатудан жалықпаған оқытушылар қауымына облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табысталды.

Алтай Қожахмет, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ «Қаржы және несие» кафедрасының профессоры:
– 15 жылдық мерейтой құтты болсын. Әр отбасыға жақсылық болсын.

Білім ордасының ректоры Оңдасын Әшімов өз кезегінде өңір жетекшісіне Үлкен алтын медальді табыстады. Бұл марапатқа ардагерлер қауымы мен арнайы шақырылған барша қонақтар ие болды. Солардың бірі – университетке есімі берілген академик Манаш Қозыбаевтың жары Сара Қозыбаева.

Сара Қозыбаева, М.Қозыбаевтың жұбайы:
– Мен бүгінгі мерейтойға қатысқаныма қуаныштымын. Университетке табыс тілеймін.

Университет 50-ден астам шетелдік ЖОО және халықаралық ұйымдармен өзара әріптестік орнатқан. Олар да әріптестерін мерейтоймен құттықтап, өз сыйлықтарын тарту етті. Ал РФ Президентінің жанындағы мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Ресей Академиясының профессоры Анатолий Спицын облыс әкіміне де тарту әзірлепті. Ол өңір жетекшісіне Ресей Федерациясының «Орёл» орденін табыстады. Бұдан соң университеттің шығармашылық ұжымы барша жиылған қауымға мерекелік бағдарлама сыйлады.

Инеш Шоқақова