ТКШ

Борышкерлермен қандай жұмыс жүргізіліп жатыр?

 

 

 

Өңір тұрғындарының коммуналдық қызметке қарызы былтырғы жылғымен салыстырғанда 41 пайызға кеміді. Биыл халықтан 137 млн теңге қайтарылыпты. Жаңа жылға дейін бұл көрсеткішті кемінде 50 пайызға дейін жеткізу керек. Алайда тұтынушылар тарапынан берешекті өтеу жағы әлі де ақсап тұр. Пайдаланған өнімнің құнын төлеуде адалдық танытпағандардың кесірінен 202 млн теңгенің көрсетілген қызметі әлі де ескерусіз қалуда.

Антон Федяев, СҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы:
– Бұл шамамен барлық коммуналдық қызметтің жылдық төлемінің 10 пайызын құрап отыр. Облыс орталығының жұртшылығы ғана 180 млн теңгедей қарыз. “СевКазЭнергосбыт” серіктестігінің дебиторлық борышы 160 млн теңге. “Горгаз” қызметіне  – 23 , ал “Қызылжар су” кәсіпорнына тұрғындар 8,5 млн теңге төлемеген.  

Өңіріміздің коммуналдық қызметтері бұл тығырықтан шығудың екі жолын ұсынып отыр. Көрсетілген қызмет құнын кестеге сай өтеп жүрген жандардың уақытын үнемдеу үшін төлемді кез келген екінші деңгейлі банкте жасау мүмкіндігі қарастырылған. Халық көптеп шоғырланатын жерлерде терминалдар орнатылып жатыр.

 Антон Федяев,СҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы:
– Коммуналдық қызмет ақысын төлеуге шамасы
жетпейтіндер де баршылық. Егер  әл-ауқаты төмен жандардың төлемі табыс көзінің 10 пайызынан артық болса, әлеуметтік жәрдем жасалады. Биыл облыс орталығының тұрғындарына 70 млн. теңгенің көмегі көрсетілді. Бұл жұмыс ауылдық жерлерде де атқарылып жатыр.  

Жағдайы бола тұра пайдаланған өнімнің бағасын жабудан қашқақтайтындар да жоқ емес. Өстіп айлап жиналған қарыз 140 млн теңгеден асып жығылады. Ондайлармен кешенді күрес жүргізілуде.

 Антон Федяев, СҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы:

– Жыл басынан сотқа 2,5 мыңға жуық өтініш жасалды. 122,6 млн теңгенің шағымы қанағаттандырылды. Бүгінде сот орындаушылардың көмегімен 67 млн теңгесі өндіріліп алынды. Бұл бағыттағы жұмысымыз тоқтамайды.   

Сондай-ақ борышкерлермен күрес заңнамасы күшейтіліп бірқатар өзгертулер мен толықтырулар еңгізілмекші. Қарыздарын төлеуден бас тартқандардың жылжымайтын мүлкіне тыйым салынады.

Жеңіс Ермұқанов