Қылмыс

Жалға берілген пәтерлерді тонаушы ұсталды

 

 

Қарақшылардың шабуылынан қарағандылық жанұя жапа шекті. Петропавлға келген жұп жылжымайтын мүлік агенттіктерінің бірінен пәтер жалдаған. Кешке таман қонақтардың сыртқа шыққанын пайдаланып, белгісіз біреулер өз кілттерімен есікті ашып, теледидарды ұрлапты. Қыркүйек айында қаламызда дәл осындай  5 оқиға тіркелген екен.

Ержан Баукенов, Петропавл қаласының ІІБ КПБ жедел уәкілі:
– 2012 жылдың қыркүйек айында жапа шеккендерден шағым түсті. Олар “Park Haus” және Aparts.kz агенттіктері. Тиісті іздестіру шараларын жүргіздік. Пәтер жалдаған азаматтарды тексердік.

Оңай жолмен пайда тапқысы келгендерді қолға түсіру тәртіп сақшыларына еш қиындық туғызбады. Тонаушылардың бірі Көкшетауда құрықталды. Ол Петропавл қаласының 21 жастағы тұрғыны болып шықты. Сыбайласы іздестірілуде. Олардың алдын-ала құрған жоспар бойынша әрекет еткендігі белгілі болды. Сезіктілер қымбат жиһазы мен аппаратурасы бар, жақсы жөнделген пәтерді жалға алып, кілттің дубликатын жасаған. Кейін осы баспанаға оралып, пәтерде ешкім жоғына көз жеткізгеннен кейін тұрмыстық техниканы жымқырып отырған.

Ержан Баукенов, Петропавл қаласының ІІБ КПБ жедел уәкілі:

-Ұсталғаннан кейін сезікті қылмысын мойындады. Теледидарларды 40 мың теңгеге сатқан. Бұл қаражатты көңіл көтеру үшін жұмсаған.  

Бүгінгі күні ұрланған заттардың бір бөлігі қайтарылды. Тонау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Айдана Демесінова