Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ресей ғалымдарының жұмыс сапары

Облыстық мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының өңіріміздің агроөнеркәсіп кешенінің дамуына қосар үлесі зор. Мақсат – ғылым мен тәжірибені ұштастырып, шаруашылықты ұтымды жүргізудің тәсілдеріне машықтау, заманауи технологияларды ендіру арқылы өндіріс тиімділігін арттыру. Ресейлік ғалымдар бұған іс жүзінде көз жеткізді. Өңір жетекшісі қонақтарға биохимиялық, мал азығын сараптайтын зертханаларды көрсетті. Жуырда институт жанынан ауыл еңбеккерлеріне білім тарататын орталық ашылған болатын. Меймандар 15 млн теңгеге жабдықталған бірегей оқыту мекемесінің материалдық- техникалық жағдайымен танысты. Кейін семинар-кеңесті ашқан облыс әкімі Серік Біләлов бүгінде Ресеймен  ауылшаруашылығы саласында тығыз қарым- қатынас орнағанын тілге тиек етті. 

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Біздің облыс Ресей Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясымен бірлескен жобаларды жүзеге асыруда. Негізінен ауылшаруашылық саласындағы әріптестігіміз жаман емес. Төлдеріміз жақсы өнім берсін десек мал азығына баса назар аударған жөн. Түрлі аурулардың да алдын алу да аса маңызды. Осы төңіректе бірлескен жұмыстар атқарылып жатыр.

РФ Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Сібір бөлімшесінің төрағасы Александр Донченко да бұл айтылғанның жандылығын растады. Жер өңдеуде де ортақ мәселелелер шешіліп жатқан көрінеді. Ресейлік ғалымдар соңғы 40 жылда 1,5 мыңға тарта өсімдіктің жетілдірілген жаңа түрін шығарыпты.

Александр Донченко, РФ Ауыл шаруашылығы ғылымдары  академиясы  Сібір бөлімшесінің төрағасы:
– Солтүстік Қазақстан алқаптарында егілетін асыл тұқымды дәндердің 40 пайызы біздің жұмысымыздың жемісі. Әсіресе   бидай тұқымының сапасы мен шығымдылығын арттыруда үлкен шаруа атқарылып жатыр. Шетелден сіздердің өңірге жеткізілетін ірі қараны санитарлық тексеруден өткізгенде біздің мал дәрігерлері қолдау жасайды. Қазір біздің мамандар Новоникольск елді мекенінде ветеринария саласында тәжірибе алмасып жатыр.

Биылдың өзінде өңірімізге шетелден 19 мың бас жоғары өнімді зеңгі баба төлі жеткізіліпті. Екі жақтың ауа райы аса ерекшеленбейді, топырақ құнарлылығы да бір шамада. Сондықтан мәселелер де бір.

Қанат Мыңжасов, СҚО мал және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ” ЖШС директоры:
– Бір-бірімізбен шеберлік алмасып, үйренеріміз көп. Уақыт қымбат. Сондықтан әріптестігіміз бір сәтке де тоқтамау керек деп ойлаймын. Мәселен шетелден келген мал жергілікті климатқа бейімделгенше біраз тер төгу керек. Бұл маңызды істі бірлесіп шешіп, оңтайлы жолдарын табуға болады.

Кездесу соңында облыс әкімдігі мен Ресей Ауыл шаруашылығығылымдары академиясының Сібір бөлімшесі арасында келісімсімге қол қойылды. Құжат екі өңірдің ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұштастырады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Бұл келісімде мал және өсімдік шаруашылығы, ветеринария, генетика, селекция, мал азығы сынды түрлі тұстар ескерілді. Белсенділік таныту керек. Сонда ғана бірлескен бастамамыз екі өңірдің ауыл шаруашылығының өркендеуіне жаңа дем береді.

Жеңіс Ермұқанов