Ауыл шаруашылығы

Шаруалар «Сыбаға» бағдарламасының көмегімен мал шаруашылығын дамытуда

 

  

“Ауылым – алтын бесігім”! Абай Ыбраев бұл нақылдың маңыздылығын жақсы түсінеді. Ес білгелі мал бағып, күнін көріп жүрген ауылдықтардың бірі. Биыл мемлекеттің қолдауымен иелігіндегі ірі қара басын 70-ке жеткізген. Көктем айларында “Сыбаға” бағдарламасы аясында 45 тайынша сатып алды. Ол үшін «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы үстемеақысы жеңілдетілген 11 млн теңгенің несиесін рәсімдепті.

 Абай Ыбраев, “Орақ” ШҚ басшысы:
– Ауыл шаруашылығына үкіметтің жеңілдігі 6 пайызбен несие алып отырмыз.
2 жыл демалыс беріледі. Ол уақытта мал төлдейді. Онымен несиені жабамыз деп ойлаймын. Қазақ қашанда малмен күн көріп келе жатыр. Еңбек етемін деген адамға ауылда жұмыс бар.  

Ауыл еңбеккерінің ендігі ойы жергілікті малды асылдандыруды қолға алу. Көмекке жүгінген бағдарлама аясында жоғары өнімді шетелдік ірі қараның 3 бас “Герефорд” аталығын да қоса алған. Осының арқасында келесі жылы еттілігімен қатар сүтті бағытты жаңа төл алмақшы. Бүгінде Абай Ыбраевтың қорасында төрт түлігі сай. Зеңгі баба төлімен қатар бір отар қойы бар. Үйірде жүрген жылқылары да жоқ емес. Шопан ата мен қамбар ата төлдерінің де өнімділігін арттыру көзделіп отыр.

 Абай Ыбраев, “Орақ” ШҚ басшысы:
– 200 қой мен 500-ге жуық жылқы бар. жылқы деген қазақтың ата заманынан келе жатқан киелі жануар. Мінсең – көлік, сойсаң – ас, саусаң – қымыз. Жылқыны да өсіруді мақсат етіп отырмыз.  

Шаруашылықтың 470 га жайлымы бар. Онда өріп жүрген биылғы торпақтар күн ұзаққа шұрайлы өңіріміздің сөлді шөбімен қоректеніп, біраз күй қосып алыпты. 3 бақташысы малды күні-түні күтіп, қарайды.

 Виктор Шмидт, “Орақ” ШҚ бақташысы:
Жұмысым өзіме ұнайды. Жергілікті малдар ерекше күтімді талап етпейді. Солтүстіктің қатал ауа райына жақсы бейімделген. Таң ата жайылымға айдап шығып, кеш бата қамаймыз. Түк қиындығы жоқ. Жалақысы да жаман емес. Айына 40 мың теңге аламын.

Қожалық мал шаруашылығымен қатар жер өңдеумен айналысады. 15 Га алқапқа бидай егілсе, тағы сонша жерге мал азығы өсіріледі. Биылғы егіннің шығымы да қуантты. Гектарына 14 центнерден айналған. «Сыбаға» бойынша қол жеткен несиенің бір бөлігіне жоғары өнімді жем-шөп әзірлейтін техника сатып алынды. Шаруашылық мал азығы жөнінен қам жемейді. Төрт түліктің қыстап шығуына қажетті 80 тонна сұлы, мая-мая шөп дайын тұр. Жалпы биылдыққа Қызылжар ауданының 11 тұрғыны “Сыбаға” мемлекеттік бағдарламасының көмегіне жүгінген. Жоба аясында ауыл еңбеккерлері 895 бас ірі қара сатып алыпты. Шетелден 2 090 бас асыл тұқымды зеңгі баба төлі жеткізілді.

Жеңіс Ермұқанов